Неке шарты: көзқарас пен құндылықтың құбылуы

Қазақ қоғамында кейінгі жылдары бұрын тосын көрінген «неке шарты» қалыпты жағдайға айналып келеді. Бұл құжат бүгінде жауапкершілік пен саналы таңдаудың белгісі ретінде бағаланып жүр. Бірақ көптің көкейінде бір сұрақ: қазақта неке шарты болмаған, бұл дәстүр бізге қайдан келді және болмысымызға сай ма? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрдік.

Дәстүрлі қазақ қоғамында неке  тек екі адамның емес, екі әулет­­­тің ода­ғы болды. Қалыңмал, жасау, әмең­герлік, жеті атаға дейін қыз алыс­пау сияқты қағидалар неке­нің құқықтық және моральдық не­гізін реттеп отырды. Яғни, қа­ғаз­ға түспесе де, некенің өз «шар­ты» бар еді. Ер адамның отбасы асы­рау міндеті, әйелдің отбасы ұйыт­қысы болуы  жазылмаған заң бо­латын. Баланың құқығы ру, ата-ана, ауыл арқылы қорғалды. Сон­дықтан жекеменшік, мүлік бөлісі, али­мент сияқты мәселелер бүгін­гі­дей өзекті болған жоқ. Қоғамдық ба­қылау күшті, ажырасу сирек, ал жауапкершілік ұят пен ар арқылы рет­телді.

Ал неке келісімшарты бізге ба­тыс қоғамынан жеткен құбы­лыс. Ол жекеменшікке, дара жауап­­кершілікке, заң арқылы реттеуге не­гізделген қоғамда пайда болды. Қа­­зақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көш­­ті, жеке мүлік көбейді, әйел­дер де, ерлер де экономикалық тұр­­ғыда дербес бола бастады. Осы өз­герістер отбасылық қаты­нас­тарға да әсер етті.

Бүгінгі неке – көбіне екі тұл­ға­ның серіктестігі. Ал серіктестік болған жерде міндет пен жауапкершілікті нақтылау қа­­жеттілігі туады. Неке келісім­шар­ты осы қажеттіліктен шықты. 

– Негізі, неке дегеннің өзі бір шарт. Неге ерлі-зайыптылар не­ке­леседі? Жай ғана қыз жігіт бо­лып жүруіне, бірге тұра беруіне де бо­лар еді ғой. Бірақ біз салт-дәс­түрге сай құдалық, той жасап, ме­шітке барып неке қидырып, заң бойынша отбасын құрамыз. Өйт­кені неке дегеннің өзі шарт деген сөз. «Мына кісіні жұбайым деп қа­­былдап, қиындық пен қуаныш­та бірге болуға уәделестік» деп жа­­­­рияға жар саламыз. Ерлі-зайып­тылар некелескеннен кейін бір-бі­ріне жауапкершілігі артады. Бел­гілі бір талаптарға бағынады. Ен­­де­ше некенің өзі шарт, – дейді отбасылық психолог Ержан Мырзабаев. 

Оның айтуынша, қазір қоғам не­кенің құндылығын ұмытып кет­ті. Қыз бен жігіт ертең ортамыз бұ­зылса, осындай Қылмыстық ко­декске дайын болуымыз керек деп келісімшарт жасауды жөн са­найды. «Әрине, бұл – дұрыс. Не­ке­нің шарт екенін түсінбеген адам­­ға оны жазып көрсету керек. Қол қойылуы, оған белгілі бір жауап­кершілік болуы қажет», – де­ді психолог. 

Бұл бағытқа неге бет бұрды?

Жұптардың неке шартын жасауының басты се­бе­бі, ажырасу санының артуы. Ста­тис­тикаға үңілсек, 2024 жылы елі­мізде шамамен 123 600 не­ке тіркелді. Сол жылы шамамен 40 500 жұп ажырасқан. Ажы­ра­су­дың жалпы коэффициенті 2,01 (1000 адамға) тең. Мұндай жағ­дай­да мүлік, бала, қаржы мәселесі үл­кен дау-дамайға айналады. Сон­дықтан неке шарты кейбір жұп үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету­мен бірдей. Екінші се­беп, баланың мүддесі. Қазіргі неке ке­лісімшарттарында алимент, бі­лім, баспана сияқты тармақтар ал­дын ала көрсетіледі. Бұл – эмо­ция­ға емес, баланың болашағын қам­тамасыз етудің жолы. Үшін­ші­ден, құқықтық сауаттылық. Не­ке келісімшарты жас жұ­бай­лар­ды қаржы, жауапкершілік жа­ғы­нан ашық сөйлесуге мәжбүр ете­ді. Бұл көп жағдайда некені әл­сіретпейді, керісінше нығай­та­ды.

Астана қаласы адвокаттар ал­қа­сының мүшесі, заңгер Әлімжан Жұ­батқановтың пікірінше, соңғы уа­қытта қоғамда неке келі­сім­шар­ты­на қызығушылық артып келеді. Бұ­рын бұл құжатқа сенімсіздікпен қа­ралса, бүгінде көптеген жұп оны болашақтағы даулы мәсе­ле­лер­дің алдын алудың заңды тетігі ре­тінде қабылдай бастады. 

– Қазақстан Республика­сы­ның «Неке (ерлі-зайыптылық) жә­не отбасы туралы» кодексінің 39-бабына сәйкес, неке келі­сім­шар­ты – некеге отыратын адам­дар­дың немесе ерлі-зайыпты­лар­дың некедегі және неке бұзылған жағ­дайда мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім. Неке келісімшарты қалай және қа­шан жасалады? Заң бойынша не­ке келісімшарты: некеге оты­ру­ға өтініш берілген күннен бастап, не­ке тіркелгенге дейін немесе не­­­­кеде тұрған кез келген уақытта жа­салуы мүмкін. Ал неке тір­кел­мей тұрып жасалған келісімшарт неке АХАТ-та тіркелген күннен бас­тап күшіне енеді. Бұл талап ко­декстің 40-ба­бында нақты көр­се­тілген, – дейді Әлімжан Жұбат­қанов. 

Заңгердің айтуынша, келі­сім­­­шарт міндетті түрде жаз­­­­баша түрде жасалып, нота­риал­­ды куәландырылуы тиіс. Но­тариус тараптардың еркін біл­діруін және келісімнің заң та­лап­тарына сәй­кестігін тексереді. Ко­декстің 41-ба­бына сәйкес, ер­лі-зайып­ты­лар неке келісімшарты арқылы: ор­тақ мүліктің, жеке мү­­ліктің не­­­­­месе үлестік меншіктің тәр­тібін; кірістер мен шығыстарды бөлу тәртібін; несие, ипотека, қа­рыздар бойынша жауапкершілікті; неке бұзылған жағдайда кімге қан­­дай мүлік берілетінін айқын­дау­ға құқылы. Сонымен қатар заң ба­лаларға қатысты маңызды ерек­шелікті де көздейді. 

– Иә, неке келісіміне баланың мү­ліктік жағдайына қатысты та­лаптарды енгізуге болады. Яғни, не­ке келісімшартында: баланың бел­гілі бір мүлікке меншік құқы­ғы; тұрғын үйді пайдалану құқы­ғы; баланың атына рәсімделетін мүлік немесе жинақтар сияқты мү­ліктік сипаттағы мәселелер көр­сетілуі мүмкін. Алайда заң бойын­ша неке келісімшарты: баланың кіммен тұ­ра­­тынын; алимент төлеу тәр­ті­бін; ата-анамен қарым-қатынас жа­сау мәселелерін реттей алмай­ды. Бұл 41-баптың 3-тармағында тіке­лей тыйым салынған, себебі ба­ланың жеке құқықтары ата-ана­ның келісімімен шектелмеуі тиіс, – дейді адвокат. 

Әлімжан Жұбатхановтың пікірінше, заң неке ке­лі­сім­шартын ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен кез келген уа­қыт­та өзгертуге немесе бұзуға мүм­кіндік береді. Ал бір тараптың ке­лісімі болмаған жағдайда, шарт сот тәртібімен қайта қаралуы мүм­кін (42-бап). Егер шарт талап­тары жұбайлардың бірін өте қо­лайсыз жағдайға қалдырса немесе ба­ланың мүліктік құқықтарын бұз­са, сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін (43-бап). 

– Неке келісімшарты – ажы­ра­суға дайындық емес. Бұл – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген се­німін заң аясында нақтылап, ор­тақ жауапкершілікті алдын ала ай­қындау. Құжатты жасау кезінде ең бастысы  эмоцияға емес, заңға сүйену, әр тармақты түсініп, кә­сі­би заңгермен кеңесу қажет. Дұрыс жа­салған неке келісімшарты от­ба­сындағы тұрақтылықты сақ­тау­ға және даулы жағдайлардың ал­дын алуға әсер етеді, – деп сөзін қо­рытындылады заңгер. 

Таңдауға талас жоқ

Неке келісімшартын жаса­ған жанның бірі – Гаухар Қасымова (ред. Есімі өзгертілді). Ол бұл ұсынысты күйеуіне той ал­­дында айтыпты. 

– Өзім заң факультетінің түле­гі­мін. Неке шартын жасауды осы­дан үш жыл бұрын ойладым. Се­б­ебі әлеуметтік желіде «далада қа­­­лып қойдым», «алимент төле­мей кетті» деп өкінетін қыздар көп. Болашақта не күтіп тұрғанын еш­кім білмейді. Адам да бір сәтте өз­геріп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл ұсынысымды жігітіме алдын ала түсіндірдім. Ол «маған сен­бей­сің бе?» деп қарсы болды. Бір­ақ мен балаларымыздың бола­ша­ғы үшін бұл шарттың керек екенін ба­рынша түсіндірдім, – дейді Гау­хар Қасымова. 

Ең қызығы, Гаухар мен жол­дасы­ның неке шартын жасағанын туыстары мен достары білмейді. Бұл да келісімшарттың бір тарма­ғында көрсетіліпті. 

Неке келісімшарты – тек қа­рапайым адамдардың емес, әлемге танымал тұлғалардың да таңдауы. Мәселен, музыка ин­дус­триясының жұлдыз­дары Бейон­се мен Джей-Зи неке ке­лі­сімін нақ­ты тармақтармен жасаған. Онда балалардың болашағы, қар­жылық міндеттер анық көр­се­тілген. Бұл олардың отбасын әл­сі­реткен жоқ, керісінше ұзақ жыл­дар бойы даусыз өмір сүруіне мүм­кіндік берді.

Бірнеше жыл бұрын Анд­желина Джоли мен Брэд Питтің ажырасуы әлемдік жаңалыққа айналды. Бірақ көпшілік бай­қағаны – мүлікке қа­тысты ұзақ сот дау­ла­ры болмады. Себебі неке келісімі бар еді. Негізгі тартыс бала­ларға қатысты бол­ды. Бұл құжаттың басты миссия­сы  артық дау­дан қор­ғау екенін көр­сетті. Ал Ким Карда­шьян мен Канье Уэст сияқ­ты миллиардерлер үшін неке келісімі брендті, бизнесті, шы­ғармашылық өнімді қорғаудың заңды жолы болды. Эмоция мен қаржы араласпауы үшін жасалған қадам. Тіпті, қарапайым өмір салтымен танылған Марк Цукер­берг пен Присцилла Чан да неке ке­лісімін жасаған. Себебі ірі биз­нес пен отбасы арасындағы ше­караны нақтылау – жауапты ше­шім.

Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Енде­ше неке келісімшарты махаб­бат­тың жоқтығы емес, махаббатты қорғаудың бір тәсілі іспетті. Бұ­рын бұл міндетті салт-дәстүр ат­қар­са, бүгін оны заң атқарып отыр.

Көктем ҚАРҚЫН