Денсаулық сақтау министрлігі бұл ерекшелікті аурулар тізіміне қосқан, алайда аутизмі бар жастардың білім алуы мен еңбекке араласуы түйткілді мәселеге айналып отыр. Аутизм жазылып кететін ауру емес, бұл ерекшелік 18 жастан кейін де жоғалып кетпейтіні түсінікті. Өкінішке қарай, елде 18-ге толған аутизмі бар жастардың қайда баратыны белгісіз...
Жақында Астанада Түркі мемлекеттері аутизм федерациясы осы мәселе төңірегінде жиын өткізді. Жиналған мамандар ерекшелігі бар азаматтарды оқытып қоймай, қоғамға бейімдеу үшін жұмысқа тұрғызуды да қарастыру керегін талқылады. Жиында: «Жұмысқа тұрғызу, бір маманға үйрету үлкен мәселе болып жатыр. Қазір қызым 13-ке келді, оның келешегін қатты уайымдаймын. Қазақстанда баламның баратын жері жоқ, ертең мектеп бітірсе, үйде отырады деген сөз», – деді Аутизм Қазақстан Ұлттық қауымдастығының төрағасы Нұрия Балтабайқызы.
Қазір елімізде 250 мыңға жуық ерекше балалар бар, сарапшылар оның 80 пайызы аутизм мен менталдық ерекшеліктерге ие болуы мүмкін дейді. Жиында талқыланған ұсыныстар Үкіметке хат түрінде жолданды. Мәселе түпкілікті шешілуі үшін кең көлемді жұмыстар атқарылу керегі бесенеден белгілі. Біз Bolashak Charity қоғамдық қорының Инклюзивті және әлеуметтік бағдарламаларының жетекшісі Самал Төлегенқызынан мемлекет тарапынан қандай қолдауларын барын сұраған едік. Оның айтуынша, дамуында ерекшелігі бар жандарды жан-жақты қолдау шетелде трендке айналған. Мысалы, қандай да бір ерекшелігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үлкен компаниялардың жауапкершілігі ретінде қаралады. Google, Facebook, Twitter, Uber, Microsoft сияқты ірі компаниялар жыл сайын ерекше жандарды жұмысқа орналастырып, қолайлы жағдай жасап жатқаны жайында арнайы есеп беріп отырады. Бұл қадам өзге елдерге үлкен үлгі болып отыр. Елде де қолдау мүмкіндіктері бар, бірақ бұл жеткіліксіз. 2025 жылғы статистикаға сәйкес, елімізде 732 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның 381 мыңы – еңбекке жарамды жастар. Министрлік статистикасына сәйкес, 107 500 мүгедектігі бар адам жұмысқа тұрған.
– Мемлекеттік деңгейде жұмыс орындарын квоталау шарасы бар, жергілікті басқару ұйымдары жұмыс орнында жалпы жұмысшы санының 2-4%-ын мүгедектігі бар азаматтарға беру керек деген квоталық орындар белгілеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, осындай квотамен 4500 адам жұмысқа тұрды деп айтылады, бірақ Үкімет жасап жатқан шара менталды бұзылысы бар жасөспірімдер мен ересектерге толық бағыттала қоймаған. Мүмкіндігі шектеулі дегенде, оның ішінде әртүрлі диагнозы бар адамдар бар. Аутизм және басқа да бұзылысы бар адамдар қиын категорияға жатады, оларды жұмысқа тұрғызбақ түгілі қоғамға бейімдеудің өзі үлкен күшті қажет етеді, – дейді Самал Төлегенқызы.
Иә, мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы субсидиялар да бар. Мысалы, 2024 жылы 62 орын субсидиялаудан өтіп, 27 мың адам карьералық орталықтарға барып, соның 16 мыңына арнайы субсидиямен жұмыс орындары ашылған. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау басқармасы жұмысқа алынған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалақысының белгілі бір бөлігін төлеп береді. Мысалы, алғашқы жылы жалпы жалақының 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын төлейді, ал қалғанын жұмыс беруші ұсынады. С.Төлегенқызы бұл шаралардың пайдасы мол болғанымен, аутизмі бар адамдардың қоғамнан тысқары қалып жатқанын жеткізді.
Оқу-өндірістік комбинаты іске қосылды
Bolashak Charity қоғамдық қорының қолдауымен 2024 жылы «Оқу-өндірістік комбинаты» пилоттық жобасы іске қосылған. Жоба аясында аутизмі бар жоғары сынып оқушылары мен мектеп бітіріп, еш жерге бармаған жастар колледждер базасында 6 айлық қысқамерзімді оқудан өтеді.
– Оқу балаларға ертерек кәсіби бағдар алуға көмектеседі. 9-сыныпта оқып жүрген оқушыларды колледждерге апарып, таныстырып, тігін ісі, кондитер, аспаздық, 3D модельдеу, сәндік қолданбалы өнер, киім үлгісін декорациялау, т.б. салаларды игеруге, ересек өмірге дайындаймыз. Мінез-құлықты қолданбалы талдаушы мамандарымыз оқушыларға көмектесіп отырады. Балалар аптасына 2 рет 2-3 сағаттан практикалық білім алады. Олар кәсіби білім алуымен қатар, әлеуметтік дағдыларды үйренеді. Бір топта 10 оқушыдан болады, әрине, алғашында үлкен қиындық тудыратыны рас, бірақ кейіннен топтық жұмыс арқылы қоғамға бейімделудің үлгісін көре аласыздар, – дейді бағдарлама жетекшісі.
Қазір аталмыш оқу-өндірістік тәжірибеге оқушылардың үшінші легі қатысып жатыр екен, бүгінге дейін 100-ден аса оқушы машық-қабілетін қалыптастырған. Оның 20-30-ы колледжге оқуға түскен. Жоба Астана, Қарағанды, Орал қалаларында жүріп жатыр. Тәжірибеден өткен жастар CrepeCafe, Kunde Cafe әлеуметтік кафесіне, Hilton қонақүйі, Lion тігін шеберханасында жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болған.
– Елімізде аутизмі бар адамдардың 1 пайызы ғана қоғамға сіңісіп, сәтті еңбек етіп жүр. Жекеленген компаниялар спектрдің сәл-пәл ерекшелігі бар, жоғары функционалды ересектерді ғана жұмысқа алады. Қоғамға әлі де терең түсінік, саналы пайым керек. Жұмыс берушілермен ұзақ уақытымыз келіссөз жүргізуге кетіп жатады. Балаға диагностика өткізіп, оның мықты әрі әлсіз тұсы, мінез-құлқындағы ерекшелігіне талдау жүргіземіз. Жұмыс ортасына барып анализ жасаймыз. Аутизмі бар адам қандай функцияларды атқарып, еңбек ете алатынын анықтаймыз. Мұның бәрі – қаншама уақытты, күш-жігерді талап ететін қадам. Оқушымыз 1-2 ай жұмыс істеп үйренісе алмаған, сәтсіз жағдайлар да болды, жетістікке жеткендері де жетерлік. Мақсатымыз – осы салада сәтті жүйе қалыптастыру, жастарды әрі қарай қолдап, қоғамға бейімдеу, – дейді С.Төлегенқызы.
Әлеуметтік бағдарлама азайып жатыр
Бүгінде инклюзив еңбек нарығын қалыптастыруға үлес қосып, ерекше жандарға әртүрлі көмек беріп жүрген жекелей азаматтар да бар. Мәселен, Nazarbayev University-нің түлегі Мәулен Ахметов аутизмі бар адамдарға арналған Kunde Cafe әлеуметтік кафесі мен кофехана ашқан. Ол бұл жобаны студент кезінен бастап қолға алған, алғашында көптеген сәтсіздікке ұшырап, бизнес серіктестері ақша жымқырған көрінеді. Мәулен 15-16 жасында қарттар үйіне барып, өзге де ұйымдардың жұмысына көмектесіп, ағаш отырғызып, адамдарға қолұшын созуды ұната бастайды. Кейін АҚШ-та FLEX бағдарламасының аясында 1 жыл білім алып, сонда волонтер ретінде 200 сағаттан аса жұмыс істейді.
– АҚШ-та адамдарға көмектесуді арнайы мамандық ретінде қарайды, мұндайды алғаш рет көріп таңғалдым. Қазақстанға оралғанда, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырып, онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың еміне қаражат жинадым. Бірде Аделье деген 7 жасар баланың еміне ақша жинап жібердік. 3 айдан кейін баланың қайтыс болғанын естідім, бұл маған қатты ауыр тиді. Жақсы іс істесең, бәрі де қуанышпен аяқталады деп ойлайтынмын. Сол жағдайдан соң депрессияға түстім. Питер Сингер деген философты оқи бастадым. Мәселенің түпкілікті себебін анықтап, жағдай қайталана бермеудің амалын жасау керегін түсіндім. Осылайша, Kunde кафесін аштым. Бір жылда бір рет сауапты іс жасауды емес, адамдарға күнде-күнде көмектесуді өмір салтына айналдырғым келді, – дейді М.Ахметов.
Мәулен мырзаның айтуынша, Kunde Cafe-ні ашарда, Nazarbayev University мен Астанадағы Психикалық медициналық орталығы, Қазақстанның Психоаналитикалық ассоциациясы мен Әлеуметтік кәсіпкерлер ассоциациясы көп көмегін тигізген. Сонымен қатар Астанадағы Жұмыспен қамту орталығының субсидиялық бағдарламасы жәрдем берген. Өкініштісі, әлеуметтік бағдарламалар саны азайып жатыр дейді кейіпкеріміз.
– Алматыдағы кофеханамызға мұндай мүмкіндік болмай жатыр, бюджет жоқ дейді. Қазір әлеуметтік бағдарламаларды азайтып жатыр, өкінішке қарай... Кофеханамыздың қаржылай жағдайы жоғары деп айта алмаймын, ептеп жұмыс істеп жатырмыз. Кофехана қызметінен бөлек, түрлі іс-шараға кофе-брейк, фуршеттер дайындап береміз. Шетелдік компаниялардан тапсырыс аламыз. Ерекшелігі бар жастарды өзіміз оқытамыз. Ата-аналар да белсенді қолдайды. Көптеген жұмыс орны аутизмі бар адамдарды жұмысқа алғысы келмейді, сондықтан да әр аймақта франшизамызды ашқымыз келеді, – дейді М.Ахметов.
«Әпкемнің аманатын орындадым»
Кей жандар инклюзия саласында жобалар атқаруды жастайынан мақсат санаса, енді біріне өмірдегі түрлі жағдай әсер ететініне куә болдық. Атырау қаласының тұрғыны Ануар Бағытжанұлы әпкесінің арманын, аманатын орындау үшін инклюзив кофехана ашқанын айтады. Кейіпкеріміз кофенің не екенін білмей жатып, инклюзив кофехана ашқанына, қорықпай қадам жасағаныма кейде өзі таңғалады.
– Инклюзив кофехана ашу туған әпкем – Арайлым Бағытжанқызының идеясы еді, өкініштісі, әпкем 2023 жылы Түркиядағы Алания қаласына демалысқа барғанда, көлік апатына түсіп, өмірден озды. Әпкем 2023 жылы Америкаға барып, инклюзив мейрамханалар, кофеханалар барын көріп, содан шабыт алып, елге келген соң бұл істі қолға алған еді. Әпкемнің бастамасымен Атырауда 2019 жылы «Зейін» ерекше балалар орталығы ашылған. Бұл – қаламыздағы алғашқы орталықтардың бірі. Әпкем Америкаға сапарынан кейін орталық ішінен инклюзив кофехана ашсам деп армандады. Әпкем өмірден өткен соң, арманын орындамақ болып, аманатын жерге қалдырмай, кофехана ашуды борышым деп санадым. 2025 жылы 15 наурызда BelYes инклюзив кофеханасының ресми түрде ашылуын жасадық, – дейді Ануар Бағытжанұлы.
Ануар мырза отандық мамандардан кеңес алумен қатар, Санкт-Петербург қаласына барып, әлеуметтік жобалармен, инклюзив кофеханалармен танысып, мол тәжірибе жинайды. Әпкесі одан бұрын Атыраудағы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Жарқыра» бағдарламасына қатысып, пайызсыз мөлшерде 4,2 миллион теңге қарыз ұтып алған. Сол қаражатты тиімді пайдаланып әрі «Самұрық-Қазына» компаниясына жобасын ұсынып, 4,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алады. Кәсіп иесі қазір қарызды біртіндеп өтеп жатқанын айтты.
Ануар мырзаның әпкесі ашқан «Зейін» ерекше балалар орталығы 1-21 жасқа дейінгі балаларға кешенді түрде қолдау беріп келеді. Ал ерекшелігі бар жастардың, жасөспірімдердің кофеханада жұмыс істеуі үшін алдымен «Зейін» орталығына жіберіледі екен.
– Елде коррекциялық орталықтар көп, бірақ олардың дені 13 жасқа дейінгі кішкентай балалармен жұмыс істейді де, жасөспірімдермен жұмыс жүргізуге әлі толық дайын емес. Министрлік әлеуметтік бағдарламаларды қолдауды арттырса деген ұсынысым бар. Қазір кофеханамызда 10 ерекше жасөспірімді оқытып жатырмыз. Олар күнделікті раннер қызметін істейді, тапсырысты апарып береді, кофехананың тазалығына жауапты. Сол дағдыларды үйретуге үлкен еңбек қажет. 2 жасөспірімге кофехана есебінен еңбекақы төлеп отырмыз. Мемлекет тарапынан қалған жастарға да еңбекақы төленсе, барлық жасты еңбекақымен қамтамасыз ете алсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кофехана иесі.
Ануар Бағытжанұлының айтуынша, кофеханаға келушілер қазірдің өзінде екінші кофехана қашан ашылады, қала орталығында болса жиі келер едік, қолдар едік деп шынайы лебізін білдіреді екен. Алайда барлық іс қаржыға келіп тіреледі, сондықтан қолдау тетіктерін қарастырып жатырмыз дейді. Қысқасын айтқанда, инклюзив еңбек нарығын қалыптастыру үшін ерекше қолдау қажет...
Айсұлу СЪЕЗХАН