Түгенделген тауар мемлекетке тиімді

Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, Үкімет цифр­лан­дыруды кеңінен енгізу арқылы экономиканың көлеңкелі тұс­тарына жарық түсіріп, күнгейге шығаруға күш салып жатыр.

Бұл тұрғыда оған «таңбалау-маркировка» атты тетік көмекке келді. Бұрын ол тек 3 тауар тобымен шектелді. Биыл тауарға таңба басу жаңа деңгейге шықты және оған іліккен өнімдер тізімі еселеп арт­қалы тұр. Мұның елге қандай пайдасы бар? 

Таңбалы тауар – таза нарық

Таңбалауды бизнеске таңғанда, Үкі­мет­тің басты дәйектемесі  тұтынушы құ­қығын қорғау, осы мақсатта контра­бан­далық және контрафакт өнімдерге тегеурінді тосқауыл қою болды. 

«2025 жылы таңбалаумен темекі өнім­дері, аяқкиім және дәрі-дәрмек сияқты не­бәрі үш тауар тобы қамтылса, енді сыра, мо­тор майлары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, дәрі­лік заттар және басқа санаттар кезең-ке­зеңімен осы жүйеге қосылады. Бұл шаралар кө­леңкелі экономиканы қысқартуға, контра­банда мен контрафакт өнімдердің жо­лын кесуге, нарықтағы ашықтықты арт­тыруға және адал өндірушілерді қорғауға ба­ғытталған», – делінген әлі күнге «Каз­марка» тұғырнамасында.

Алайда цифрлық таңбалау  сапа кепіліне ай­налмады. Елге заңсыз әкелінген немесе лас цехтарда қолдан жасалған тауарлар на­рық­та сол бұрынғыдай сатылу үстінде. Оны­мен күрес негізінен таңбалауға емес, жауап­ты құрылымдардың іс-қимылына сүйенеді. Мә­жіліс депутаттары  өндірушілердің тіпті жал­ған тауарға да таңбалау маркасын жабыс­ты­рып, оны заңды айналымға жібере ала­ты­нын тілге тиек етті.

Сонымен қатар таңбалауды енгізу биз­нес­ке қосымша қаржылық және техникалық жүк­теме түсіріп, тауар бағасының өсуіне ық­пал еткені де жасырын емес. Осыған бай­ла­нысты кәсіпкерлер енгізу мерзімдерін қайта қарауды сұрап жатыр. Жүйенің қалай жұ­мыс істейтінін кәсіпкерлер түсіне алмай отыр. Үкімет басшысы болса, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін мойындады.

Ендеше мұның пайдасы неде? Ол салық­шыға нарықта өткізілетін әрбір тауардың қозғалысын қырағы бақылап, сол арқылы бизнес нысандарынан әр сатыда толыққанды салық жинауға мүмкіндік береді. Тиісінше, тауарларды таңбалау саласына контра­бандамен, контрафакт өнімдермен күреске құ­зырлы Әділет, Ішкі істер министрліктері, Қар­жылық қадағалау агенттігі немесе басқа оқалы жағалылар емес, салық жинайтын Мем­лекеттік кірістер комитеті жауап береді. Оны оператор ретінде «Қазақтелеком» жү­зеге асырады. 

Тапшы бюджетті толтыру мақсатында биыл бұл тетікке жан кірді. Осы бағытта жаңа­лықтардың үлкен топтамасы күшіне мінді. Әр дана, қорап, қалбырды таңбалау жүйе­сі бұдан былай тіпті киік мүйізі мен мотор майларына, ерлердің костюмі мен ба­лалардың шұлығына дейін қамтымақ. Бұл сұр нарықты «ақтау» ма, әлде бағаның ша­рықтауына кезекті баспалдақ па? Оны уа­қыт көрсетеді.

Әзірге осы тетікті ілгерілетуге жауапты «Каз­марка» порталы және «Тауарларды таң­балау мен олардың қадағалануының ақ­парат­тық жүйесі» биыл сауда сөрелеріндегі өнім­дердің «шығу тегін» анықтауға үлкен қа­дам жасалатынын жария етті. Бұл жай ғана тех­никалық талап емес, әрбір тауардың өн­дірілген сәтінен бастап, ақырғы тұтыну­шы­ның қолына тигенге дейінгі жолын айқын-мөлдір ететін «цифрлық паспорт».

Жаңа белеске қадам жасау басталып та кет­ті. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізде сыра және сыра сусындарын цифрлық таң­балау кезең-кезеңімен күшіне енді. Бұл тетік көбікті өнімнің әрбір шөлмегі мен қалбыры туралы мәліметтерді арнайы ақпараттық жүйе­де нақты тіркеуге, өндіріс пен логистика ке­зінде оларға Data Matrix кодтарын таңуға байланысты үдерістерді қамтиды.

Нарықтың барлық қатысушысы жаңа талаптарға алдын ала дайындалып, жұмысын жаңа жағдайға бейімдей алуы үшін таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жыл­ғы 1 ақпаннан бастап  кегтер мен бөтел­келердегі сыраны таңбалау қолға алынды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап  алюми­ний банкілердегі сыра таңбалана бастайды. Әрі қарай 2027 жылғы 1 қаңтардан  осы топ­қа жататын барлық тауар айналымының бүкіл тізбегі «толық қадағалау режиміне» кө­шіріледі. 

«Ерекше атап өтеміз: таңбалау тек 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген өнім­дерге қолданылады. Міндетті таңбалау ен­гізілген күнге дейін өндірілген, тиісінше, таң­баланбаған сыра және сыра сусындары­ның қалдықтарын кәсіпкерлер 1 жыл ішінде то­лық сатып шығуға тиіс», – деп хабарлады Мем­лекеттік кірістер комитетінің маман­дары. Содан кейінгі қалдықтар заңсыз тауар деп танылады және бизнес нысандары оны өз бетінше әрі өз қаражатына жоюы қажет. 

Одақ төл өзгерісін қосты

2026 жылғы 1 наурыздан бастап Еуразия­лық одақ былғарыдан, теріден жасалған бұйымдарды Data Matrix форматындағы таң­балауға көшеді. Бұған дейін тон, ішік және басқасын маркировкалау бойынша Ресей мен Қазақстанда тиісті эксперимент жүргізілген-тін. Оның ақырғы қорытын­ды­лары не нәтиже әкелгені қоғамға сол бойы жа­рия­ланбады. Соған қарамастан қазақ­стан­дық тараптан Премьер-министрдің орын­басары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Еура­зиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында табиғи тері-былғарыдан жасал­ған бұйымдарды сәйкестендіру құрал­дары­мен таңбалау қағидалары жаңартылды.

Тері бұйымдарын таңбалау ЕАЭО-да 2015 жылдан бері қолданыста. Мұн­да­ғы басты жаңалық: бұған дейін Қазақ­стан­да айталық, әрбір сеңсең ішік, құндыз тон, бұл­ғын бөрікке «бақылау сәйкестендіру бел­гілері» (БСБ) жапсырылатын. Жапсырма те­гін емес, әр данасын сатып алады. Одақ бе­кіткен жаңа тәртіпке сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап БСБ орнына Data Matrix форматындағы екі өлшемді штрихкод қол­данылады. Осы арқылы Ресейдің тәжірибесі одақ­қа кіретін барлық елге таралып отыр. 

Ресми түсініктеме бойынша Data Matrix – қара және ақ модульдерден тұратын шаршы немесе тікбұрыш пішініндегі екі өлшемді мат­рицалық штрихкод. Ол Ресейде, мысалы, киім, аяқкиім, темекі өнімдері, дәрілік зат­тар және басқа да көптеген тауарды мін­детті таңбалау үшін пайдаланылады. Мұндай әр­бір кодта тауар туралы 2-3 килобайтқа дейін ша­ғын ақпарат сақталады. Оны ақпараттық жүйе арқылы өндіруші толтырады. Мысалы, өз деректерін, өнімнің негізгі сипатта­ма­ла­рын, жарамдылық мерзімін және өзге мә­лі­меттерін енгізеді. Дата матрикс 2D-сканер жә­не смартфон арқылы оқылады.

Жаңа қағидаларға көшу үшін бизнесті үлкен шығынға отырғызбауы, олардың адал өнім­дері тосыннан контрафакт деп таны­лып, жойылмауы үшін бұған дейін Қазақ­стан­да БСБ-мен таңбаланған тауарларды 2027 жылғы 1 наурызға дейін сатуға рұқсат етіл­ді. Сонымен бірге мүше мемлекеттер өз ау­мағында БСБ-мен таңбаланған тауар­лар­дың айналым мерзімін бұдан да ұзартуға құ­қылы. Бірақ ол жағдайда БСБ-сы ғана бар тауарын Ресейге экпорттауына рұқсат етіл­мейді. 

Киіктен шұлыққа дейін...

Таңбалау жүйесі 4 жаңа тауар тобымен толықты. Топ бір емес, бірнеше тауар түрі­нен тұрады. Сауда және интеграция ми­нистрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен таңбалауға жататын тауар­лар тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар ен­гізіл­ді. Бұйрық бүгінде толық күшіне енді. Бірақ ондағы кейбір тауарға өтпелі кезең бел­гіленген. Сөйтіп, тізбеге жаңадан «сыра», «мо­тор майлары», «жеңіл өнеркәсіп тауар­ла­ры», «киік туындылары» топтары қосыл­ды. 

Бұл топтарды тарата кетсек, 2026 жылғы 1 ақ­паннан  алкогольсіз сыра; мотор май­лары; компрессорлық жағармай; турбина­лық жағармай; мұнай өнімдері бар майлау материалдары таңбалана бастайды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап  жағармайлар; антифриздер; гидравликалық және басқа мақсаттарға арналған сұйықтықтар; ашық түсті майлар; вазелин майы; металдарды өңдеуге арналған құрамдар; тотығуға қарсы май­лар; электрлік оқшаулағыш майлар мін­детті таңбалаудан өтпек. Ары қарай 1 жел­тоқ­саннан бастап  таза теріден, компози­ция­лы, жасанды теріден жасалған киім; три­ко­таж; тоқыма, мақта-мата жібінен жасалған ерлер жә­не әйелдер киімі; төсек жаймалары, асха­на, дәретхана, асүй жаулықтары ілікті.

Келесі жылғы көктем Мәскеу жақтан таң­балаудың жаңа талаптарын әке­леді. Ресми мәлімет бойынша Қазақ­стан­да 2027 жылғы 1 наурыздан бастап әрбір бірлік свитер, пуловер, кардиган, кеудеше; ұқсас трикотаж бұйымдары; әйелдердің блузка, блу­за және блузондары; пальто, қысқа паль­то, желбегей, плащ, күрте, жадағай, шекпен және ұқсас бұйымдар; химиялық жіптерден жа­салған киім заттары; орамал, шарф, мойын орамал, мантилья, бетперде және ұқ­сас бұйымдар; галстуктер, мойынтақтар таң­балануға тиіс. 

2027 жылғы 1 қазанда таңбалану кезегі костюм, жакет, блайзер, көкірекшесі және бау­лары бар комбинезон, бриджи, белдем­ше-юбка, көйлектер, шолақ шалбарлар мен спорттық костюмдерге келеді. Жалпы, тізім өте ұзын, шұбатылып кете береді. Оған жеңіл өнеркәсіп тауарларынан, зергерлік бұйым­дардан, биологиялық белсенді қоспа­лардан бастап киіктің қалдықтарына, тіпті шұлыққа дейін кіргізілген. Айтпақшы, был­тыр атуға рұқсат етілген ақбөкеннің мүйізі-тұяқ­тары-тұмсықтары, сондай-ақ осы өнім­дердің ұнтағы мен қалдықтары  2025 жылғы 1 қарашадан таңбалана бастады. 

Әрине, салада қордаланған проблема же­терлік. Оның бәрін шешпей, шенеунік­тер­дің таңбаланатын тауарлар ауқымын қат­ты арттыруын бизнес ауырсына қабыл­дады. Кәсіпкер Сергей Никитин одақ ішінде бұл тұрғыда Ресей және Қазақстан ғана әсі­ре­белсенді екеніне, Қырғызстан мен Арме­ния таңбалау түрінде бизнеске қосымша қар­жылық жүктеме түсіруге асықпай оты­р­ға­нына назар аудартты.

Депутаттар таңбалау шығындары тауар бағасының қымбаттауына әкелді деп алаң­дай­ды. Премьер-министрдің өзі жуырда биз­нес тарапынан көптеген тауар тобына таң­балауды кеңейтуге қатысты шағым түсіп жат­қанын атап өтті. Ол жауапты министрлік кәсіпкерлерге таңбалаудың маңыздылығын, оның оң әсерін түсіндіру бойынша жеткілікті жұмыс жүргізбегенін айтты. 

– Тауарды цифрлық таңбалау жобасы отан­дық нарықты контрафактілік және сапа­сыз өнімнен қорғауға, отандық өндіру­ші­лердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ба­ғытталған. Ақпараттық-түсіндіру нау­қа­нын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру қажет, – деді Олжас Бектенов.

Үкіметтің тұжырымдауынша, цифрлық таң­балау – қысқа мерзімде қиындықтар туғыз­ғанымен, ұзақ мерзімде экономиканың көлең­келі тұстарын сейілтіп, тұтынушының сенімін бекемдеуге, сол арқылы әділ әрі өр­кениетті нарық қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.

Айхан ШӘРІП