Депутат Максим Рожин Құрылтайдың заң шығару және бақылау өкілетін түсіндірді

Оның айтуынша, жаңа құрылым заң қабылдаумен қатар, атқарушы билікке бақылау жасау тетігін күшейтеді.

«Референдум–2026» онлайн марафонында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Құрылтайдың өкілеттігі мен заң шығару процесіндегі рөліне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, жаңа құрылым заң қабылдаумен қатар, атқарушы билікке бақылау жасау тетігін күшейтеді.

– Құрылтай депутаттарының саны емес, сапасы маңызды. 145 адам елдегі заң шығару, Үкіметті бақылау мәселесін іске асырады. Өйткені, Парламенттің, алдағы уақыттағы Құрылтайдың ықпалы күшейеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бар. Осы қалай іске асады? Қарапайым тілмен айтқанда, Президент стратегиялық бағытты айқындайды. Үкімет оны орындайды. Ал Құрылтай оны бақылап, соған сай елге қажетті заңдарды шығару жұмысымен айналысады. Бұл формулада адам саны емес, сапасы маңызды. Заң шығару процесінде сапаны кәсіби деңгейдегі Құрылтай қамтамасыз етеді. Кәсіби деңгейдегі Құрылтайда 145 депутаттың ғана емес, сол Құрылтай аппаратының да мықтылығы маңызды, – деді Мәжіліс депутаты.

Депутат сондай-ақ заңнамалық процестің тиімділігі елдің стратегиялық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі геосаяси және экономикалық өзгерістер жағдайында шешім қабылдау жылдамдығы ерекше маңызға ие.

– Заң елдің өміріне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ол – Үкімет пен жалпы атқарушы биліктің жұмыс істеуіне тікелей жол ашатын құжат. Бұл ретте Құрылтайдың заңдарды жылдам қабылдауының Үкіметке, елде қабылданатын стратегиялық дүниелерге тікелей әсері бар. Сағат сайын өзгеріп жатқан әлемдегі дүниелерге еліміз төтеп беруі тиіс. Ал төтеп беретін ең бірінші орган заң шығаратын – Құрылтай. Жылдамдық осы үшін керек, – деді Максим Рожин.