Түркістан облысында 4 жасар зерек бала мектепке барып, білім алып жүр

Бойы тақтаға әрең жеткенімен, зерек оқушы үш таңбалы сандарды қосып-азайтып, екі таңбалы сандарды ойша көбейте алады.

Түркістан облысында небәрі төрт жастағы Әли Адамбек мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Информбюроға сілтеме жасап.

Бойы тақтаға әрең жеткенімен, зерек оқушы үш таңбалы сандарды қосып-азайтып, екі таңбалы сандарды ойша көбейте алады. Тіпті математикалық амалдарды ағылшын тілінде айтып береді.

Әли қазір Түркістан облысындағы Алтынтөбе орта мектебі қабырғасында білім алып жүр. Мұғалімі Әлия Миятбекова оның білім деңгейі кей сыныптастарынан да жоғары екенін айтады. Айтуынша, Әли үш таңбалы сандармен амалдарды оңай орындайды және әліппені еркін оқиды.

Кішкентай дарын иесі – отбасындағы алты баланың кенжесі. Анасы Нұргүл Мырзағали ұлының зеректігі ерте байқалғанын айтады. Үш жасында-ақ ағылшын тіліндегі математикалық видеоларды қарап, көбейту кестесін жаттап алған.

Ұстазы Бақдәулет Жетібай де оның есепті кейде үлкен сынып оқушыларынан бұрын шығаратынын атап өтті. Ал Әлидің өзі мектептің балабақшадан гөрі қызығырақ екенін айтып, сабақты орындамағандарды ұнатпайтынын жеткізді.

Қазір жас дарын қазақ әліппесін толық меңгеріп, ағылшын тілінде оқып-жазуға ден қойып жүр.