Референдум төңірегінде күш біріктіру маңызды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 19 ақпанда болатын Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев елімізде қолға алынған конституциялық өзгерістер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Маңызы мен ауқымы жағынан тарихи қадам саналатын бұл бастама – қоғамның билік нақты жауапкершілік арқалайтын, ал заң бәрінен жоғары тұратын әділетті мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайту жөніндегі сұранысына берілген жауап. Осыған байланысты Сенат Төрағасы алдағы референдум төңірегінде күш біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы аясындағы жұмыстың мәніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар конституциялық өзгерістер арқылы өз жалғасын табуда. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін дұрыс дәріптеу мақсатымен негізгі қоғамдық-саяси институттарды біріктірген Жалпыұлттық коалиция құрылды. Қазірдің өзінде бірқатар сенатор әріптестеріміз Коалиция жұмысына белсенді қатысуда. Ал келесі аптада барлық сенатор іссапармен өңірлерге барады. Соның аясында алдағы уақытта жаңа Ата Заң жобасының ережелері туралы кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық берілуге тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шарада Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңды Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібіне шығару туралы қаулы қабылдады. Заңның мақсаты – экономиканы әртараптандыру, ішкі және келу туризмін дамыту, адам капиталын нығайту және балалар мен жасөс­пірім­дер үшін спорттың қолжетімділігін арттыру жө­ніндегі мемлекеттік басымдықтарды іске асыру.

Аталған заң арқылы Қазақстан Республикасының 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олар спорт саласында бюджеттен тыс қаражатты бө­ле­тін бірыңғай оператордың қаржылық есептілігіне мін­детті жыл сайынғы аудит жүргізуге қатысты нор­маларды қамтиды.

Сонымен қатар алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңар­тылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификация­лау туралы» заңды қарайды. Құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және тұрақты даму қағидаттарын енгізу арқылы климаттық күн тәртібі мәселелерінде тараптардың күш-жігерін біріктіруді көздейді.

 Сондай-ақ Палатаның алдағы отырысында се­на­­торлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конс­титу­ция­­лық заңына өзгерістер мен толықтырулар ен­­гізу туралы» Конституциялық заң жобасы бо­йын­­ша Парламент Палаталарының бірлескен ко­миссиясының құрамын бекітеді.

Одан бөлек, бүгін сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қа­былдаған заңдарды жұмыс үшін Палатаның тұрақ­ты Комитеттеріне бөліп берді.