Тарихи сәт бәрінің есінде шығар. Осы мәнерлеп сырғанаудан ел аузында тек бір ғана спортшы әрдайым айтылатын. Марқұм Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан Сочи қысқы ойындарында қола жүлде алып, көңілімізді бір марқайтқан еді. Бүгінде «ұстаздан шәкірт озады» демекші, Михаил Шайдоров Денистің жетістігін еселеді. Интернет желісінде тараған бала Михаилдың Дениске қарап тамсанып, соның алдында тұрған бейнежазба жүректі елжіретпей қоймайды.
Жалпы, жарыс өте қызуқанды, тартысқа толы өтті. Әр спортшы айдында сырғанағанда үлкен жауапкершілікті сезініп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп отырды. Қысқа бағдарлама қорытындысында Шайдоров жақсы өнер көрсетсе де, 92,94 ұпай жинап бесінші орыннан табылған еді. Ал еркін бағдарламада қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен 198,64 ұпай жинап, жалпы есепте 291,58 ұпайға қол жеткізді.
Спорт сарапшысы Шамкен Байырбектің сөзінше, Миша жарыстағы үлкен қысымды жеңе білді. Оның барлық қимылы үйлесім тапқандай көрінді.
– Михаил Шайдоров алғашқы қысқа бағдарламаны жинақы, қатесіз, таза сырғанады. Әрбір элементті сенімді орындап, техникалық тұрғыдан мінсізге жуық өнер көрсетті. Соған қарамастан, алған ұпайы сәл төмендеу болды. Шынын айтқанда, бұдан да жоғары баға беруге толық негіз бар еді. Дегенмен төрешілер тарапынан белгілі бір «сараңдық» байқалғандай әсер қалдырды. Жалпы, мәнерлеп сырғанау – субъективті спорт түрі. Бағалау кезінде тек техника ғана емес, әсер, бедел, жарыс қожайыны факторы да рөл ойнайтыны жасырын емес.
Төртінші орын алған италиялық спортшы Даниэль Грассльтен асырмайтындай есеппен ұпай қойылғандай көрінді. Михаил бесінші орынға тұрақтағанда, медальдан алыстап кеткендей әсер болды. Алайда бұл оның алғашқы Олимпиадасы екенін ескерсек, ол қысымды керемет еңсере білді, – дейді Шамкен Байырбек.
Жарыстың қорытындысы бойынша екінші орынды атағы жер жарған жапониялық Юма Кагияма иеленді. Олимпиадалардан бірегей күміс алып жүрген спортшыдан үлкен нәтижелер күтілді. Дегенмен күміс медаль да жаман нәтиже емес. Ал үздік үштікті тағы да бір жапондық Шун Сато түйіндеді. Иә, бәрінің бұл жарысты үлкен таңғалыспен қарағаны рас. Себебі соңғы жылдары өз қарсыластарына дес бермей, 4 аксельдің каролі атанып кеткен Илья Малинин өрескел қателіктерінің кесірінен жүлдесіз қалды. Қаншама болжамдар осы Ильяның жеңісіне бағытталған еді. Амалы нешік, спорттың аты – спорт. «Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар» деп бекер айтылмаса керек.
Ешкім күтпеген жеңіс
Дода басталмай тұрып, Михаил қаншалықты медальға таласа алады деген пікірлер көп болды. Бірі үздік 5-тен көрінеді десе, бірі кем дегенде қолаға қанағат тұтуымыз керек десті. Спорт сарапшысы Шамкен Байырбек те өз эмоцияларын жасыра алмағанын тілге тиек етті.
– Тікелей эфирде жүргізіп отырып, өзіміз де сенбей қалдық. Алғашында қола медальға қанағат тұтып отырған едік. Күміс анықталған сәтте студияда эмоциямызды жасыра алмадық. Ал алтын жарияланған кезде қол-аяғымыз дірілдеп кетті. Сол кездегі тарихи сәттің куәсі болғаныма қатты қуаныштымын. Меніңше, Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан жүлде алу – қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең беделді жетістіктердің бірі. Өйткені бұл Олимпиада бағдарламасына ежелден енген, ең көркем, ең әсем, бекзат спорт түрі. Оның үстіне сұранысы да жоғары. Финал билеттерінің құны 750 еуродан басталғаны – соның айқын дәлелі. Бұл Олимпиададағы ең қымбат спорт түрлерінің бірі болды.
Одан бөлек, Аренаның лық толуы, Михаил алтын алған сәтте әлеуметтік желілер мен әлемдік басылымдардың жарыса жазуы жеңістің маңызын еселей түсті.
Михаил Шайдоров өзінің тәтті жеңісінен кейін әсерлі қуанышымен бөлісті.
– Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Мен бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальды Қазақстан халқына арнаймын.
Қолдау керемет болды. Әлеуметтік желіге кіру мүмкін болмады. Трибунадағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Бәрі кино сияқты. Әзірше не болып жатқанын толық сезініп үлгермедім.
Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Сол үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін.
Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын, – деді Олимпиада чемпионы.
Бақ шапты ма?
Біреу білсе, біреу білмес, Михаил Шайдоров – әкесінің жолын қуған жігіт. Әкесі – Станислав Шайдоров, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ұлының алғашқы бапкері. Михаил ең алғаш 2010 жылы мәнерлеп сырғанауды бастады. Дәл осы сәттен оның үлкен спорттағы жолы басталған. Әкесі оған тек техниканы ғана емес, тәртіп пен мінезді, еңбекқорлықты да үйретті. Кейін әкесінің бастамасымен Михаил Сочиге қоныс аударып, олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттыға бастады. Бұл шешім оның кәсіби деңгейге көтерілуіне айтарлықтай ықпал етті. Міне, осылайша, 2026 жылғы Олимпиада алтынына апарар жол 16 жылға созылған екен. Мұндай ұзақ әрі ауыр жолды кез келген адам еңсере алмайды. Әсіресе, алты жасқа толмай жатып коньки киген баланың әлемдік биікке көтерілуі күнде кездесе бермейтін құбылыс.
Олимпиада да Михаилдың басты қаруы төрт айналымды бес секіру болды. Ол үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов каскадын, төрттік лутц, төрттік тулуп, төрттік флип, сондай-ақ төрттік тулуп – үштік тулуп каскадын сәтті орындады. Нәтижесінде, еркін бағдарламада 198,64 ұпай жинап, қос сайыс қорытындысында 291,58 ұпаймен қарсыластарын артта қалдырды. Қазір Шайдоров алтын медаль жеңіп алғаннан кейін Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағының (ISU) рейтингісінде 4961 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
Михаил Шайдоровты Олимп шыңына жетелеген бапкер, даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Алексей Урманов «Мишаның жай ғана жолы болып кетті» деген сұраққа былай деп жауап берді:
– Біріншіден, шын мықтылардың ғана жолы болады. Екіншіден, басқалардың қалай өнер көрсеткеніне, не істегеніне біз жауапты емеспіз. Олар мұны өздері істеді ғой. Михаил Шайдоров абсолютті түрде, шынайы күресте 100-200 емес, миллион процент жеңіске жетті. Ауысымдағы ең басты сын Милан мен Кортинада өткен Олимпиада ойындары болды. Бар күш-жігерімізді дәл осы додаға бағыттадық. Негізгі мақсат Олимпиадада жоғары нәтиже көрсету еді. Соған жеттік те. Ал маусымның басындағы турнирлердің мәні неде? Олар – ізденіс пен талдау кезеңі. Қай элемент жүріп тұр, қайсысы шикі, қандай бағдарлама спортшыға көбірек ашылады – осының бәрін саралайтын уақыт.
Scate America турнирінен кейін біз өткен маусымдағы «Дюна» бағдарламасын қайта алып шығу жөнінде шешім қабылдадық. Себебі жаңа қойылымның толық ашылмай жатқанын, техникалық әрі эмоциялық тұрғыда еркін сырғанауға кедергі келтіріп тұрғанын түсіндік. Бұл – спорттағы қалыпты үдеріс. Тек Шайдоров емес, әлемдегі талай мықты фигурист қажет кезінде бұрынғы сәтті бағдарламасына қайта оралып жатады, – дейді Алексей Урманов.
Қысқы дода әлі де жалғасып жатыр. Михаил Шайдоров төбемізді көкке көтеріп тастады. Тіпті тағы бір медаль алсақ деген дәмеміз де зор. Ендігі спортшыларымыз да Мишаның жолын жалғап, алтынмен аптап, күміспен қаптап, биікке жетсе екен деген зор тілегіміз бар.
Әсет ҚАЛИ