Бурабайда шанамен жүрген қыз жол апатына ұшырады. Ағашқа барып қатты соғылған қыз комаға түскен, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, күшейтілген бақылауға қарамастан, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтамау әлі де болса ауыр өкінішті жағдайға әкеліп соғып жатыр.
- Суыт оқиғаға айналған жол-көлік оқиғасы 14 ақпан күні Бурабай кентінде болды. Апат салдарынан жолаушы қыз бала түрлі деңгейдегі жарақат алып ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ қар көлігін жүргізуші де жарақат алған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша, процессуалды шешім қабылданады, - дейді облыстық Полиция департаментінен.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек апатқа ұшыраған қыздың ауыр комаға түсіп, өкпені жасанды желдету аппаратымен дем алып жатқанын, сыртқы әлеммен байланысы жоқтығын хабарлады.
- Пациент аса үлкен жарақаттармен түскен. Бүгінде оның жағдайы өкінішке қарай аса ауыр халде болып отыр. Қыздың ми бас және ми сүйектері сынған, сонымен қатар жабық ми жарақатын алған. Қазір науқас ауыр травматикалық шок жағдайында жатыр. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Санитарлық авиация арқылы нейрохирург-консультанттар бригадасы шақырылды, қосымша көмек көрсету мүмкіндігі жөнінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта науқас терең кома жағдайында. Өздігінен тыныс ала алмаған соң жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сыртқы тітіркендіргіштерге ешқандай реакциясы жоқ, - дейді басқарма басшысы Нариман Ермек.
Осы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері қарда жүру көліктері мен квадроциклдерді тексеруді күшейткен. Әсіресе, демалыс аймақтарына, соның ішінде Бурабай курорттық аумағына ерекше назар аударылып жатыр.
Тәртіп сақшылары осылайша жол-көлік оқиғаларының алдын алып, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Полиция қызметкерлері қар көліктері мен квадроцикл иелеріне техниканы пайдалану ережелерін қатаң сақтау, қорғаныш құралдарын қолдану және жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын бұзбай тасымалдау қажеттігін ескертеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.