Димаш Құдайберген бала күнінен қолынан түспеген жеке домбырасын музейге тапсырады

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жеке қорындағы музыкалық аспаптардың «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесінің ашылуы өтеді.

2026 жылғы 18 ақпанда сағат 15:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Көрмеде әнші, композитор, мультиаспапшы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі (2023), Қырғыз Республикасының Халық әртісі (2025), әлемге танылған вокалист Димаш Құдайбергеннің жеке қорындағы музыкалық аспаптар көпшілік назарына ұсынылады.

Көрменің басты мақсаты – өнер арқылы халықтарды жақындастырып жүрген дарынды тұлғаның шығармашылығын насихаттау, мемлекеттер арасындағы достық байланысты нығайту және жанкүйерлерге өнер иесінің жеке құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру. Экспозиция келушілерге әншінің халықаралық деңгейдегі жетістіктерін айшықтап, ұлттық музыкалық аспаптардың маңызын кеңінен дәріптеуге бағытталған.

Көрмеге Димаш Құдайбергеннің жеке қорынан 70-тен астам жәдігер қойылады. Олардың қатарында 2011–2012 жылдары Халықаралық 30/31 ғарыш экспедициясы барысында ғарышта болған саха халқының дәстүрлі чөмчөө уус аспабы, Майкл Джексонның жеке стилисі Гоко Залди арнайы әзірлеген сахналық костюм, румындық әйгілі виртуоз Георге Замфир сыйлаған пан-флейта, сондай-ақ атасының отбасылық мұра ретінде табыстаған баяны бар. Бұл жәдігерлер әртүрлі халықтардың мәдени сабақтастығын және Димаштың шығармашылық жолын тереңірек танытып, өнердің сан қырын сезінуге мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында Димаш Құдайберген бала күнінен қолынан түспеген жеке домбырасын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына салтанатты түрде табыстайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.