Ұлттық ұлан сарбазы өлең жазады

Ұлттық ұлан – таланттар ордасы.

Ақынға шабыт түрлі жағдайда келеді. Бірі оны махаббаттан тапса, енді біріне өлең жазу үшін ерекше орта қажет. Осындай шығармашылық серпілісті Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Ерік Ысқақ бастан өткерді. Оның ақындық шабыты дәл осы әскери ортада оянды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұландық патриоттық жанрда өлең жазу дағдысын қалыптастыру үшін Отан алдындағы борышын өтеуге арнайы келген. 

«Әке көрген – оқ жонар» демекші, Алматы облысының тумасы, 25 жастағы ұландықтың ақындық өнері әкесінен дарыған.  Еріктің әкесі Ескермес Сәрсембаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы. 

Атадан балаға мұра болып қалған өнер тек ақындықпен шектелмейді. Қатардағы Ысқақ – қолөнер шебері, зергер.  Бұл атакәсіпті Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде меңгерген. 

Ал ақындық  оның шығармашылық әлеуетін аша түсетіндей. Бұл жолда Ерік Ұлттық ұлан қатарын толықтырғанына дән риза. Себебі ол «ерлік», «батырлық», «патриоттық сезім», «Антына адал болу» секілді  ұғымдардың терең мағынасын дәл осы құқықтық тәртіп әскері сапында білді. 

2000  жылдық тарихы бар Тараз қаласында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ете  жүріп, ол әрбір ұландықтың күн сайынғы жауынгерлік қызметте көрсеткен ерлігін дәріптеуді шешті. 

Осылайша, қатардағы  Ысқақтың қойын дәптерінде өзіне жат болған патриоттық жанрда жазылған өлеңдер тола бастады.  

Ұлттық ұлан – таланттар ордасы. Құқықтық тәртіп әскері сапында әр ұландық Отан қорғаумен қатар, өзіне беймәлім қырларын аша бастайды. Немесе қатардағы Ысқақ секілді мерзімді әскери қызметтің ұтымды тұстарын пайдаланып, өз таланттарын шыңдайды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.