Жалпыұлттық референдумға шығарылған жаңа Конституцияда тұрғын үйге қатысты маңызды әлеуметтік-құқықтық кепілдік нақты бекітілмек. Нақты айтсақ, Ата Заңға сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сондай-ақ баспанадан мәжбүрлеп шығаруға да жол берілмейтіні туралы норма енгізу көзделіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент бастамасы: тұрғын үй құқығын нақтылау
10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйден сот шешімінсіз шығарып жіберуге тыйым салуды Конституцияда нақты бекіту қажет екенін айтқан болатын.
Президенттің айтуынша, қолданыстағы Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Алайда бұл норманы «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтыру керек.
«Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған», – деді Президент.
28-баптағы толықтыру
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Президенттің тапсырмасын ескере отырып, жаңа Конституция жобасына арнайы норма енгізді. Осылайша, Ата Заңның 28-бабы 1-тармағында тұрғын үйден айыруға және одан шығарып жіберуге сот шешімінсіз жол берілмейтіні нақтыланды.
28-бап
1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
Бұл нормаға сәйкес, енді азаматтарды сот шешімінсіз тұрғын үйінен айыруға немесе мәжбүрлеп шығарып жіберуге жол берілмейді. Сонымен қатар тұрғын үйге басып кіру, оны қарап-тексеру немесе тінту тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда және қатаң құқықтық тәртіп сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Аталған норма қазақстандықтардың жеке өмірі мен баспанасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, бұл норма даулы жағдайларда – тұрғын үйді алып қою немесе адамдарды көшіру кезінде өте маңызды.
Депутат қазіргі қолданыстағы заңда жылжымайтын мүлікті алып қоюдың бірнеше негізі бар екенін атап өтті. Нақты айтқанда, ескі үйлерді жаңарту бағдарламалары кезінде, жерді немесе үйді мемлекет қажеті үшін алу барысында және апатты деп танылған үйлерден тұрғындарды көшіру кезінде.
– Баспананы алып қою мәселесі реновация және жаңарту бағдарламаларына байланысты туындайды. Мәселен, бүгінде Астана, Алматы және басқа да облыс орталықтарында ескі тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте ең алдымен сот шешімімен азаматқа өтемақы төленеді немесе басқа пәтер беріледі. Алайда ұсынылған шарттармен келіспейтін тұрғындар да бар. Сондықтан сот шешімін шығарғанда ең алдымен Конституция талаптары мен адам құқықтары ескерілуі тиіс, – деп түсіндірді депутат.
Аталған норма жер телімдері мен үйлерді мемлекет қажеттілігі үшін алу кезінде де маңызды. Мысалы, бас жоспар өзгергенде немесе жол құрылысы кезінде ең алдымен азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ апатты деп танылған тұрғын үйлерден көшіру жағдайларына да қатысты.
Кейбір азаматтар өзге ауданнан ұсынылған баспанаға немесе өтемақы мөлшерімен келіспейді. Дегенмен бұл жерде қауіпсіздік мәселесі де ескерілуі қажет, себебі апатты үйлер кез келген сәтте құлауы мүмкін. Сондықтан мұндай түйткілдерді шешкенде мемлекет бір жағынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан олардың құқығын қорғауы тиіс.
Халықаралық құқық негіздері
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев халықаралық құқық бойынша тұрғын үй базалық құндылық ретінде бекітілгенін атап өтті.
Атап айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіде тұрғын үй құқығы қорғалған.
Уәкілдің айтуынша, тұрғын үйді тек мүліктік санат ретінде қарастыру – үлкен қателік.
«Адам үшін ең маңыздысы не? Ол ешбір себепсіз баспанасынан қуылып кетпейтініне сенімді болғысы келеді. Конституцияда тұрғын үй құқығын қорғау кепілдіктерін бекіту еліміздің әлеуметтік әрі құқық қорғау сипатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұлжытпай сақталатынын айғақтайды. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені мемлекет рәміздер үшін емес, оның құрамындағы әрбір адам үшін өмір сүреді. Адамға бағдарлану биліктің әрбір шешімі мен іс-әрекетінен көрініс табуы тиіс», – деді ол.
Артур Ластаев жаңа Конституция жобасы қоғамның нақты сұраныстарын ескере отырып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың анағұрлым орнықты әрі ашық жүйесін қалыптастыратынын айтты.
Жаңа Конституцияда адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін көшіру қажет болатын жағдайлар да қарастырылған. Сонымен қатар заңды негіздер болған күннің өзінде барлық рәсімдердің қатаң сақталуына, соның ішінде сот арқылы қорғану мүмкіндігіне толық кепілдік беріледі.
«Баспанада тұруға және одан шығаруға қатысты дауларды тек сот шешуі тиіс. Сондықтан Конституцияда келесідей норманы бекіту ұсынылады: сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейді. Біреулер бұл қолданыстағы заңдарда онсыз да бар деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл қағиданы негізгі құқықтық құжатта бекіту оның заңды тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Ластаев.
Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов та халықаралық құқық нормаларына тоқтала отырып, түсіндірген болатын.
– Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12-бабына сәйкес, «ешкім де өз үйінің қолсұғылмаушылығына, өзгелердің озбырлықпен нұқсан келтіруіне ұшырамауға тиіс. Әр адамның осындай заңсыз араласудан немесе нұқсан келтірулерден заң арқылы қорғалуға құқықы бар». Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқық туралы пактіде «әрбір адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше заңсыз араласуынан, озбырлық жасап, баспанасының қолсұғылмаушылығына нұқсан келтірілуден қорғалуы тиіс» делінген.
Қазақстан Республикасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық бекітіліп, оны тек сот арқылы құқықтық қорғауға кепілдік беріледі. Қорытындылай келе, 28-баптың 1-тармағында сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйден шығаруға да жол берілмейтіні туралы толықтыру көзделді, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасындағы 29-бапта жекеменшік құқығына қатысты кепілдік те нығайтылды. Заңда Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде иеленген кез келген мүлкіне жекеменшік құқығы бар екені нақты жазылған.
29-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жекеменшiк құқығы бар.
2. Меншiкке және мұрагерлiк құқыққа заңмен кепiлдік беріледі.
3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Осылайша, жаңа Конституция жобасында азаматтардың тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және жекеменшік құқығы нақтыланып, оларды қорғаудың құқықтық тетіктері күшейтілді.