Гвардейск гарнизонында жағы сынған сарбаздың жағдайы белгілі болды

Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, сарбаздың жалпы жағдайы жақсы.

Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жарақат алған мерзімді қызмет әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың қазіргі жағдайы белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында болған. Соның салдарынан сарбаздың төменгі жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен әскери қызметші ауруханаға жеткізіліп, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп отыр. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр. Оның денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, сарбаздың жалпы жағдайы жақсы.

– Госпитальге түскен кезде оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазіргі таңда халінің жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары қалпына келіп келеді. Жақын арада бекітуші шиналар алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру шараларынан өтуде. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді, – деді Владислав Мусатов.

Дәрігердің мәліметінше, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған денсаулық жағдайына байланысты демалыс беріледі. Кейін әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.

Аталған дерек бойынша 27 қаңтар күні Гвардейск гарнизонының әскери полициясы қылмыстық іс қозғаған. Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның, сондай-ақ жағдайды жоғары қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Тергеу барысында бірқатар лауазымды тұлғалар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді. Қорытындысы бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.