Aikyn.kz америкалық қор нарығындағы жағдайды Ассошиэйтед Пресс хабарламасына сүйеніп талдайды.
Соңғы аптада S&P 500 дерлік өзгеріссіз қалды. Бір күн бұрын Dow Jones 48 тармаққа, яғни 0,1%-ға өсіп, ал Nasdaq Composite 0,2%-ға төмендеген еді.
Нарыққа негізгі қолдау қазынашылық облигациялар кірістілігінің төмендеуінен келді. Есеп бойынша, өткен айда инфляция экономистер күткеннен де көбірек баяулаған. АҚШ тұтынушылары азық-түлік, киім және күнделікті тауарлар үшін бір жыл бұрынғымен салыстырғанда орта есеппен 2,4% артық төлеген. Бұл көрсеткіш Федералдық резервтік жүйенің (ФРЖ, АҚШ-тың орталық банкі) 2% мақсатынан жоғары болғанымен, желтоқсандағы 2,7%-дан жақсы. Ал экономистер «болашақ инфляцияның ең жақсы индикаторы» деп атайтын базалық инфляция соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейге дейін бәсеңдеген.
Annex Wealth Management компаниясының бас экономикалық стратегi Брайан Якобсен мұны былай түйіндеді: «Деңгей әлі де тым жоғары. Бірақ бұл тек қазір ғана, мәңгілікке емес».
Инфляцияның баяулауы ФРЖ-ға қажет болған жағдайда мөлшерлемені төмендетуге көбірек еркіндік беруі мүмкін. Қазір ФРЖ мөлшерлемені түсіруді уақытша тоқтатқан. Бірақ нарықта биыл қайта төмендеу жалғасады деген үміт басым. Дегенмен ФРЖ-ны тежеген фактор – мөлшерлемені төмендету инфляцияны қайта үдетіп жіберу ықтималдығы. Сондай-ақ экономика 2025 жылдың соңымен салыстырғанда біршама мығым көрінеді. Инфляциямен бірге еңбек нарығы да өткен айда болжанғаннан да жақсырақ нәтиже көрсеткен.
ЖИ салдарынан «ұтылуы мүмкін» деп бағаланған кейбір компаниялардың акциялары жұма күні (13 ақпан) қайта өсе бастады. Мысалы, бейсенбіде (14 ақпан) акциясы шамамен бестен бірге құлаған AppLovin жұма күні 6,4% өскен. Тасымал және логистика секторында да ұқсас құбылыс байқалды. Algorhythm Holdings өз платформасы жүк тасымалын штат санын өсірмей-ақ 400%-ға дейін арттыра алады дегеннен кейін, бейсенбіде 14,5% түскен CH Robinson Worldwide жұма күні 4,9% көтерілген. Сарапшылар мұндай реакцияларды «алдымен ат, кейін сұра» қағидасына ұқсатады.
S&P 500 өсіміне ең көп үлес қосқандардың бірі – Applied Materials. Оның акциялары 8,1%-ға қымбаттады. Компания басшысы Гэри Дикерсон мұны «ЖИ негізіндегі есептеу жүйелеріне салынатын салалық инвестициялардың жеделдеуімен» байланыстырды.
Ал құлдырағандардың ішінде DraftKings (-13,5%) бар. Бұл компанияның тоқсандық табысы болжамнан жоғары болғанымен, жылдық түсім болжамы күткеннен төмен шықты. Norwegian Cruise Line Holdings (-7,6%) акциясы да арзандады, компания күтпеген жерден бас директорын ауыстырды.
Нарыққа ең қатты әсер еткен акция – Nvidia болды, ол 2,2% төмендеді. Уолл-стриттегі ең ірі компания болғандықтан, Nvidia акцияларының баға қозғалысы S&P 500-ге басқалардан көбірек ықпал етеді.
Апта қорытындысында S&P 500 3,41 тармақ қосып, 6 836,17-ге жетті (қарашадан бергі ең нашар апта). Dow Jones 49 500,93-ке дейін 48,95 тармақ өсті, Nasdaq 22 546,67-ге дейін 50,48 тармақ төмендеді. Облигация нарығында 10 жылдық қазынашылық кірістілік 4,05%-ға (4,09%-дан), 2 жылдық кірістілік 3,40%-ға (3,47%-дан) түсті.
Шетелдік нарықтарда, әсіресе, Азияда да индекстер төмендеді. Еуропада акциялар құнының бағыты аралас болса, Гонконгтың Hang Seng 1,7%-ын, Жапонияның Nikkei 225 1,2%-ын жоғалтқан. Жуыр апталарда бұл нарықтарда да өсім күтілуде.