«Хандар шежіресі» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енді

Қазақ ғылымының қалыптасу тарихы мен бүгінгі даму үдерісін сабақтастырып тұрған бірегей орталықтың бірі – Орталық ғылыми кітапхана.

1932 жылы құрылған бұл іргелі мекеме бүгінде «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрамында табысты жұмыс істеп, ұлттық ғылымның тарихи жадын сақтаушы әрі заманауи ғылыми-ақпараттық кеңістіктің белсенді орталығына айналды.

Кітапхананың басты ұстанымы – ғылыми мұраны сақтау, жүйелеу және оны зерттеушілерге барынша қолжетімді ету. Осы бағытта сирек қолжазбалар мен көне басылымдарды реставрациялау, ғылыми сипаттау, каталогтау және цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде қор көлемі 5,8 миллионнан астам бірлікті құрайды. Оның ішінде 4 миллионға жуық ғылыми әдебиет, 20 мыңнан аса қолжазба және 91 мың сирек кітап бар. 100-ден астам тілдегі 850 мыңнан астам шетел әдебиеті мен 900 мыңға жуық шетелдік ғылыми басылым – кітапхананың халықаралық ғылыми айналыммен тығыз байланысын айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Қор құрамындағы құндылықтар – тек сандық емес, сапалық тұрғыдан да ерекше. Көне түркі, араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріндегі, араб және латын қарпіндегі қазақ тіліндегі бірегей басылымдар – ұлт тарихы мен рухани сабақтастығын айғақтайтын мұралар. XVIII ғасырдағы Құран Кәрім, 1819 жылы Қазанда басылған «Ахбар Шыңғысхан уә Ақсақ Темір», 1841 жылы Парижде жарық көрген «Құлиат пен Науаи» сынды сирек кітаптар ғылыми қауым үшін теңдессіз дереккөз болып табылады.

Сирек қордағы ең құнды жәдігерлердің бірі – XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілуі. Бұл – кітапхана жұмысының халықаралық деңгейде мойындалғанының және ұлттық мұраны сақтау ісінің жүйелі жолға қойылғанының айқын дәлелі.

Қазіргі кезеңде кітапхана дамуының стратегиялық бағыты – цифрландыру. 2025 жылы 3 710-нан астам толықмәтінді электрондық құжат әзірленіп, оқырмандарға 31 мыңнан астам басылым ұсынылды. Қор 700 жаңа басылыммен толықты. Электрондық каталог жетілдіріліп, қашықтан қызмет көрсету және электронды құжат жеткізу жүйесі кеңейтілді. Сирек қолжазбаларды цифрландыру бойынша отандық және шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар іске асырылуда. Бұл қадамдар ғылыми мұраны жаһандық ғылыми кеңістікке шығаруға мүмкіндік береді.

Халықаралық ықпалдастық та жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылы Түркия, Иран, Франция, АҚШ, Молдова және Катар елдерінің ғылыми және мәдени мекемелерімен байланыс нығайды. АҚШ елшілігінің қолдауымен іске асырылып жатқан American Book Corner жобасы – ғылыми әдебиеттің жаңа легін тартуға бағытталған маңызды бастама.

BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында мамандар Түркия Республикасында тағылымдамадан өтті. Тағылымдама Анкара қаласындағы T.C. Cumhurbaşkanlığı Millet Kütüphanesi, сондай-ақ Ыстанбұлдағы Rami Kütüphanesi мен Süleymaniye Kütüphanesi базаларында ұйымдастырылды. Бұл іссапар барысында MARC 21 халықаралық стандартына негізделген каталогтау тәжірибесі зерделеніп, деректер сапасын бақылау мен көптілді сипаттама жасау бағытында нақты ұсыныстар әзірленді. Нәтижесінде, кітапхананың қолданыстағы MegaPro жүйесін жаңғырту және халықаралық талаптарға сәйкестендіру бойынша жүйелі жұмыстар басталды.

Қазақ ғылымы мен әдебиетін шетелде таныту бағытында да маңызды қадам жасалды. Ыстанбұл қаласындағы Rami Kütüphanesi базасында «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышы» ашылды. Бұл жоба Ғылым ордасы бастамасымен және Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асырылды. Жаңа бұрышқа 250 дана кітап сыйға тартылып, Орталық ғылыми кітапхана, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұсынған таңдаулы басылымдар орналастырылды. Бұл бастама – ұлттық ғылыми ойды халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытудың нақты көрінісі.

Бүгінде Орталық ғылыми кітапхана тек қор сақтаушы мекеме ғана емес, ғылыми зерттеулерді қолдайтын, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыратын, халықаралық әріптестікті нығайтатын заманауи орталыққа айналды. Сирек қорларды сақтау мен цифрландыруды күшейту, халықаралық жобаларды кеңейту және кітапхананы инновациялық ғылыми-ақпараттық платформа ретінде дамыту – алдағы кезеңнің басты міндеттері.

Ғылым ордасының стратегиялық бағыты – ұлттық ғылымның алтын қорын сақтай отырып, оны әлемдік ғылыми айналымға шығару. Бұл жолда жүйелі жұмыс, халықаралық стандарттарға сәйкестік және жаһандық серіктестік негізгі басымдық болып қала береді.

Ұлар Мұқажанов, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры