Aikyn.kz электрлі көліктер нарығындағы шығындардың себебін Telegraph басылымының материалына сүйеніп түсіндіреді.
Бірнеше жыл бұрын саясаткерлер де, компаниялар да EV-ге жаппай көшу тез болады деп ойлаған. Бірақ нарықтың қарқыны баяулап, жоспарлар қайта қаралып жатыр. Ford бас директоры Джим Фарлидің сөзі осы өзгерістің символына айналды:
«Клиенттердің пікірі айтылды деп ойлаймын. Бар мағына – осында»
Ford өткен аптада EV бағыты бойынша өткен жылда 5 млрд доллар шығын көргенін жариялады. Бұған дейін компания 19,5 млрд доллар көлеміндегі активтерді есептен шығарған. 2025 жылы Mustang Mach-E мен F-150 Lightning сатылымы төмендеп, Model-E EV бөлімшесі 2023 жылдан бері 13 млрд доллардан аса шығынға батты. Нәтижесінде, Ford электр бағытындағы көп жоспардан бас тартып, гибридтерге көбірек ден қоя бастады.
Бұл тек Ford-тың басындағы мәселе емес. Соңғы бір жылда әлемнің жетекші автоконцерндері EV «бумы болмады» деген қорытындымен балансынан 60 млрд доллардан астам қаражатты есептен шығарды. Олардың қатарында Stellantis (22 млрд еуро), General Motors (7,6 млрд доллар), Volkswagen Group (5,1 млрд еуро), Honda (4,5 млрд доллар), Volvo (1,2 млрд доллар) сияқты алпауыттар бар.
Сарапшы Фелипе Муньос мұны қысқа қайырады: «Қазіргі көріп отырғанымыз – шынайылық».
Бұған саясат та әсер етті. Пандемия кезеңінде EV-ге жомарт субсидиялар беріліп, пайыздық мөлшерлеме төмен болғандықтан, электромобиль алу кей елде ерекше «арзан» көрінді. Бірақ кейін бензин арзандап, мөлшерлеме өсті. Ал үкіметтер электромобиль өндірісін қолдауды қысқартты. АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігі бұл бағытта қатаң бұрылыс жасап, Байден тұсында берілген кең субсидияларды кері қайтарды. «Жасыл энергетикаға» көшу идеясын «алаяқтық» деп сынады. Нарық үшін бұл сигнал маңызды болды. Мемлекет қолдауы әлсіреген кезде, EV стратегиясының құны бірден ауырлай түседі.
Ал Қытайда көрініс басқаша. EV бағасы іштен жанатын көлікпен шамалас (орташа 22 мың еуро) және жаңа көлік сатылымының шамамен 50%-ына жетті. Нарыққа мемлекеттік қолдау, өндіріс масштабы және арзанырақ модельдер әсер етуде.
EV саласының ардагері Энди Палмер Батысты сынай отырып: «Негізгі проблема – көліктер тым қымбат. EV тек экология емес, «баға–құндылық» жағынан ұтуы керек», – дейді.
Батыс үшін қысымның тағы бір көзі – қытайлық бәсекелестердің экспорты. BYD, Geely, SAIC секілді брендтер Еуропада үлесін арттырып келеді. Демек, «электр дәуірі» тоқтаған жоқ, бірақ енді ол романтика емес, қатаң есепке сүйенетін кезеңге өтті. Арзан модель, сенімді инфрақұрылым және тұтынушының нақты сұранысы шешуші рөл атқаруда.