Әйел күйеуіне алып берген несиені өзіне төлеттіре алады – заңгер

Екі банктен несиені 8 жылға алған.

Қызылордалық оқырман күйеуіне алып берген несиені өзіне төлету мүмкін екенін білді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Келіншектің айтуынша, осы уақытқа дейін несиені ол уақытылы төлеп келген.

– Күйеуім екеуміз бір ауылданбыз. Мектеп бітіріп, оқуға түскен жылы отбасын құрдық. Аллаға шүкір, төрт баламыз бар. Үлкені – студент, кенжесі балабақшаға барады. Отбасылы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Соңғы кездері екеуміз әңгімелесуден, түсінісуден қалдық. Арамызда ажырасу жайлы сөз қозғалды. Оның өзінің қажетіне екі банктен несие алып бергенім бар. Оның 3 жылын өтедік, әлі бес жыл төлеуіміз керек. Бүгінге дейін несиені ол уақытылы төлеп отыр. Алайда ертеңгі күні ажырассақ, төлемей кете ме деген қорқыныш бар. Сондықтан алған несиемді оның өз атына аударып, өзіне төлету мүмкін бе? Ол үшін не істеуім керек?, – дейді Айнаш Сайлауханова (аты-жөні өзгертілді –  ред.)

Оқырманның сұрағына жауап берген заңгер Тілеужан Кішкенебаев  күйеуінің келісімімен бұл мәселені реттеуге болатынын жеткізді.

– Ерлі-зайыпты некеде тұрған кезінде алынған несие болса, оны бөлуге болады. Бірақ көбіне ер-азаматтар несиені әйеліне алдырып, ақшаны өзінің шаруасына жұмсаса, оны өзіне төлету мүмкін. Ол үшін ер-азамат қолхат жазып беруі қажет. Хатта өзінің және келіншегінің құжат бойынша толық аты-жөнін көрсетіп, қай күні қандай банктен қанша уақытқа әрі қанша сумма алғаны жазылады. Яғни «...өзімнің жеке қажетіме келіншегіме несие алдырттым. Сол келісімшарт негізінде банктің кестесіне сәйкес несиені өзім төлеп тұрамын» деп жазады. Осы қолхаттың негізінде күйеуін сотқа беріп, банк алдындағы қарызды күйеуіне төлетуге болады.

Әрине, банк те несиені толығымен күйеуінің атына беруге келіспеуі мүмкін. Десе де, банкпен медиативті келісімге отырып, сот төленген ақшаны әйелдің пайдасына өндіртеді. Ал күйеуінен ақша өндірілгенше несиені өзі төлейді. Мысалы, несие 15-і күні төлеуі тиіс болса, 10-ы күні күйеуі ақшаны әйеліне аударады. Ол сол ақшаны банкке төлейді, – дейді  Тілеужан Кішкенебаев.

Заңгердің айтуынша, ерлі-зайыпты ажыраспаса да несиені реттеуіне болатынын айтты.

«Егер күйеуі «несиені төлемеймін» деп қашатын болса, ол несиені ортақ деп теңдей бөлдіруге болады», – деді ол.