Ермахан Ыбрайымов: Бұл бастама келер ұрпаққа жарқын болашақ сыйлайтынына сенімдімін

2022 жылы басталған Әділетті Қазақстанды құру жолы кездейсоқ шешім емес, ел болашағын нығайтуға арналған жүйелі қадам екенін атап өтті.

Әйгілі боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов Конституциялық реформа жобасы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ол Қазақстан азаматы әрі қоғам белсендісі ретінде ұсынылып отырған өзгерістердің мәні зор екеніне сенім білдірді.

«Бүгінде елімізде Конституциялық реформа жобасы бойынша кең көлемді қоғамдық талқылау өтіп жатыр. Бұл – Қазақстанның алдағы жылдардағы даму бағытын, мемлекеттік басқару жүйесінің келешегін айқындайтын аса маңызды кезең. Мен Қазақстан азаматы әрі қоғам белсендісі ретінде ұсынылып отырған өзгерістердің мәні зор екеніне сенемін және мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған бастамаларды қолдаймын», - деді спортшы. 

Сонымен қатар 2022 жылы басталған Әділетті Қазақстанды құру жолы кездейсоқ шешім емес, ел болашағын нығайтуға арналған жүйелі қадам екенін атап өтті. Қазіргі реформалар – сол бағыттың жалғасы, яғни терең әрі жан-жақты ойластырылған өзгерістер кезеңі.

«Негізгі мақсат – халықтың мүддесін білдіретін институттардың ықпалын күшейту, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыру. Спорт саласында жүрген адам ретінде айтарым: үлкен жетістікке жету үшін тәртіп, жауапкершілік және бірлік қажет. Мемлекет те дәл солай – берік қағидаттар мен ортақ мақсатқа сүйенгенде ғана қуатты бола алады. Президент атап өткендей, шынайы патриотизм – бос ұран емес, нақты іспен дәлелденетін ұстаным. Бұл біз үшін, әсіресе спорт қауымы үшін, бұқаралық спортты дамытуға, жас дарындарды қолдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға деген тұрақты еңбек», - деді Ермахан Ыбрайымов.

Боксшы қоғамдық талқылаудың маңызы ерекше екеніне тоқталды. Айтуынша, әр азаматтың пікірі ескеріліп, ашық диалог орнағанда ғана реформалар тиімді жүзеге асады. Бірлескен ой мен ортақ жауапкершілік – табыстың кепілі.

«Мен бұл бастамалар еліміздің тұрақтылығын нығайтып, тәуелсіздігімізді бекемдей түсетініне және келер ұрпаққа жарқын болашақ сыйлайтынына сенімдімін. Біз бірлік пен өзара сенім арқылы қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз», - деді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.