Қазақмыс үшін жақсы жаңалық: күн панельдеріндегі күмістің орнына мыс қолданыла бастады

Күміс бағасының күрт қымбаттауы күн панельдерін шығаратын компанияларды өндірістегі ең маңызды материалдардың бірі күмісті жедел басқамен алмастыруға мәжбүрлеуде.

Reuters мәліметіне сүйенген Aikyn.kz әлемдегі күміс бағасының өсуіне күн панельдерінің әсерін бағалайды.

Reuters дерегінше, соңғы бір жылда күміс бағасы шамамен 130% өскен. Бұл салада маржа онсыз да төмендеп тұрған кезеңде шығынды күрт арттырды. Сарапшылардың айтуынша, мәселенің өзегі – фотоэлектр панельдеріндегі «күміс пастасы». Ол күн панельдерінің жалпы құнының шамамен 30%-ын құрайды.

JK Renewables компаниясының аға кеңесшісі Дерек Шнее: «Күміс – күн панельдерін өндіру құнының өсуіне ең көп үлес қосатын фактор», – дейді. 

Оның бағалауынша, соңғы 12 айда панель бағасы 7-15% аралығында қымбаттаған. Баға серпіні өте қатты болған. 2025 жылы күміс 147% өсіп, қаңтарда унциясы $121,64 деңгейіндегі тарихи максимумға дейін жеткен, кейін $77 шамасына төмендеген.

Күн энергетикасы секторы күміс сұранысының ірі бөлігіне айналды. Фотоэлектр индустриясы күміске деген жалпы сұраныстың 17%-ына, яғни 196 млн трой унцияға жуық көлемге жауап береді. Осы қысым өндірістік технологияны өзгертуге жол ашты. Сала күмістің орнына арзан балама – мысқа көшу қарқынын күшейтуде. Reuters келтірген салыстыру бойынша, күмістің бағасы метрлік тоннасына шамамен $2,5 млн болса, мыс тоннасына шамамен $12 823 деңгейінде саудаланған.

Қытайдағы ірі өндіруші LONGi қаңтарда негізгі металдарды қолданатын үнемді технологияда ілгерілеу барын айтып, сәуір-маусым аралығында жаппай өндірісті бастауды жоспарлаған.

Rystad Energy өкілі Мариус Мордал Бакке биыл «таза мыс металлдандыруына және күміс-мыс гибрид пасталарына» көшетін ірі өндірушілер көбейетінін айтады. Бұның экономикалық әсері орасан. Cherry Street Energy-дің технологиялық директоры Бен Дамиани күмістен мысқа ауысу әлемдік өндіріс жылына 500 ГВт деңгейінде болған жағдайда салаға шамамен $15 млрд үнем әкелуі мүмкін дейді. Дегенмен кедергілер де бар. Сарапшылар күмістің электрөткізгіштігі мыстан жоғары болғандықтан, толық алмастыру «бір күнде» шешілмейтін күрделі инженерлік проблема екенін ескертуде.