Британдық The Telegraph басылымы Қазақстанның ең көрікті жері – Маңғыстаудың Бозжыра шатқалын «Әркім өмірінде бір рет болса да баруы керек топ 10 шөл» тізіміне енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Материалда саяхатшыларға әлемдегі он шөлге барып, табиғаттың ғажайып көрінісіне куә болуға кеңес берілген.
Олар:
1.Сахара шөлі
2. Атакама шөлі (Чили)
3. Намиб шөлі
4. Антарктида
5. Вади-Рам (Иордания)
6. Калахари шөлі
7. Гоби шөлі
8. Колорадо үстірті
9. Маңғыстау облысы (Қазақстан)
10. Руб-эль-Хали
«Мұхиттың түбінде не бар екені көп жағдайда жұмбақ болып қала береді. Бірақ Қазақстандағы Үстірт жотасының аумағында орналасқан Бозжыра шатқалының алып жартастарына, ақ борлы мұнараларына және әктастарына қарағанда, айқын көрініс көз алдыңызға келеді. Каспий теңізінің жағалауындағы бұл фотогендік орынға аймақтың мұнай астанасы — Ақтау қаласынан жол талғамайтын көлікпен баруға болады», - деп жазылған мақалада.
Материалда Маңғыстауда қазір туристік инфрақұрылым дамып жатқаны айтылған. Сондықтан туристерге адам аз кезде яғни қазіргі уақытта баруға кеңес берілген.
«Бұл аймақ қазір туризмді дамытуға белсенді дайындалып жатыр. Мемлекет теміржол вокзалдарына, жаңа әуежайға және курорттардың құрылысына инвестиция салып жатыр. Сондықтан туристердің негізгі ағымынан озып, тыныштық пен жалғыздықтан ләззат алу үшін Маңғыстауға қазір барған дұрыс. Мұндағы геологиялық ғажайыптар пайдалы қазбалардың бай кен орындарына қарағанда әлдеқайда құнды. Егер сіз шахталар мен газ кәсіпорындарынан алшақтасаңыз, түрлі түсті жолақты тауларды, алып тас шарлар және күрделі жерасты мешіттерін көруге болады», - деп жазада автор.
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы — таңғажайып пейзаждарымен танылған, туристер ең көп баратын орын. Кейінгі кезде әлемдік саяхатшылар арасында Бозжыра шатқалы маңызды орынға айналды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.