Ішкі істер министрлігі азаматтардың смартфондарына зиянды қосымшаларды орнату арқылы қашықтан қол жеткізетін алаяқтық схема туралы ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қаскөйлер зиянды бағдарламаны тарату үшін түрлі тәсілдер қолданады. Мысалы:
- мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишингтік сілтемелерді тарату;
- жалған мобильді қосымшалар;
- фото, бейне және құжаттар түрінде жасырылған зиянды қосымшалар;
- мемлекеттік органдар, банктер және жеткізу қызметтері атынан жіберілетін хабарламалар;
- акцияға немесе ұтыс ойынына қатысу сылтауымен қосымша орнатуды талап ететін қоңыраулар.
Мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шоттардағы қаражаттың ұрлануына, онлайн-несиелердің рәсімделуіне, жеке деректер мен хат алмасудың таралуына, сондай-ақ телефонды бұғаттап, төлем талап етуге әкеп соғуы мүмкін.
Өзіңізді қорғау үшін үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қосымшаларды орнатпаңыз, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, тек ресми қосымшаларды және антивирустық бағдарламаны пайдаланыңыз, банк операциялары туралы хабарламаларды қосыңыз. Телефоныңызда қауіпті бағдарламаның болу белгілері: батареяның тез таусылуы, құрылғының қызып кетуі және бейтаныс қосымшалардың пайда болуы. Күдік туындаған жағдайда интернетті дереу өшіріңіз, банкпен байланысыңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сақ болыңыз. Цифрлық қауіпсіздік өзімізден басталады, – делінген ІІМ арнайы ақпаратында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.