Қарағандыда өткен жекпе-жек турнирінде 18 жастағы спортшы Арслан Атымтаев ауыр жарақат алып, комаға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол жекпе-жек барысында басынан қатты соққы алған.
Туыстарының айтуынша, қарсыласы тыйым салынған әдіс қолданғанымен, жекпе-жек уақытында тоқтатылмаған. Сонымен қатар олар жарыс кезінде жедел жәрдем көлігінің кезекшілік етпегенін және шұғыл медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін алға тартады.
«Оқиға орнында жедел жәрдем көлігі болған жоқ, тіпті оны шақыруға да әрекет жасалмады. Зардап шеккен спортшыға шұғыл медициналық көмек көрсетілмеді. Оны омыртқасын бекітпей алып шыққан, кейін медициналық тасымалдау талаптары сақталмастан, жеңіл көлікке отырғызып әкеткен», – деп келтіреді «Вечерняя Караганда» басылымы спортшының туыстарының сөзін.
Жақындарының пікірінше, болған жағдайға жарысты ұйымдастырушылар мен жаттықтырушы да жауап беруі тиіс.
Ал Қарағанды облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы (“Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру”) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.