Кинемотографистер үйін сатуға қойды
Кинемотографистер үйін сатуға қойды
Фото: Интернеттен алынды
154
оқылды
Алматыда тарихи мәні бар Кинемотографистер үйі сатуға қойылды. Аңызға айналған ғимарат қазір жекенің қолында. Көне шаһарда ескінің көзіндей болған сәулет ескерткіштері баршылық болатын, дегенмен оның біразы қазір сүріліп, орнына заманауй ғимараттар бой көтерген. 90-жылдардағы өтпелі кезеңде қалалық әкімшілік тарихи мәні бар ғимараттарды ұстап тұра алмады. Сол себепті жекенің қолына өткен. Арада уақыт өте келе ғимарат қожайыны оны нарықтағыдан анағұрлым жоғары бағаға сатуға қойып отыр. Сәулетшілер үйінің жағдайы да осылай болған. Алдымен ғимаратты сатып алып, сосын сүріп тастаған. Бұл үй 1941 жылы пайдалануға берілген. Ұлы Отан соғысы жылдары онда Мәскеуден эвакуацияланған аты аңызға айналған Иван Пырьев, Сергей Эйзенштейн және Всеволод Пудовкиндер тұрған. Халық арасында бұл үй «лауреатник» аталып кеткен. Себебі мұнда кілең Сталин сыйлығының лауреаттары тұрған. Тіпті бұл үйде киножұлдыз Любовь Орлова да тұрған деген аңыз бар. Аумағы 1400 шаршы метр ғимарат 900 миллион теңгеге бағаланған. Үлкен үш бөлмелі 8 пәтерден тұратын үй 2000 жылдары күрделі жөндеуден өткен. Тағы бір қабат қосылып, тұрғын үйден әкімшілік ғимаратқа ауысқан. «Бұл үй тауыққораға ұқсайтын. Төбесі аласа, дәлізі бар, әр лауреатта терезесі бар бір бөлмеден. Кіреберіс аула жақта. Жіпте әлдекімнің көйлегі жаюлы тұрады. Соғыс. Эвакуация. Қазір сол «тауыққораны» күліп еске алам. Сол кездері бұл сарай сияқты көрінетін. Ашық тұрған есіктен кіріп келіп қатып тұрып қалдым. Осы еденмен бір кездері Черков пен Эйзенштейн жүрген!» деп жазады өз кітабында театр қайраткері Наталья Сац. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде Алматыға «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары эвакуацияланып, ондағы қызметкерлер «Қазақфильмнің» негізін қалаған. Соғыс аяқталған соң олар осы әдемі шаһарға бауыр басып, тұрақтап қалған. Сол жылдары осы үйде олардың талайының табанының ізі қалды. Енді, міне, тарихы терең үй сатылымға шығып отыр. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ