Google-дің технологиялық құпияларын ұрлап, Иранға жіберген

Кремний алқабының үш инженері коммерциялық құпияларды Иранға жіберді деген күдікке ілінді. Google компаниясы құпиялардың ұрланғанын жоспарлы мониторинг барысында анықтап, құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Aikyn.kz технологиялық құпиялардың ұрлану жағдайын CNBC-ге сүйеніп хабарлайды.

Үш инженер (Саманех Гандали, Сорур Гандали және Мохаммадджавад Хосрави) АҚШ-та Google және тағы басқа техкомпаниялардың коммерциялық құпияларын ұрлап, деректерді Иранға жіберді деген күдікпен айыпталды. Bloomberg мәліметінше, федералды үлкен қазылар алқасы оларға қастандық (conspiracy), коммерциялық құпияны ұрлау/ұрлауға оқталу және әділетке кедергі келтіру баптары бойынша айып таққан.

Материалда айтылғандай, күдіктілер мобильді процессорлар мен SoC платформаларына қатысты жүздеген құпия файлға қол жеткізіп, оларды үшінші тарапқа жіберіп отырған. Олар көшірілген файлдарды байланыс арналары арқылы тасымалдаған, кейін жеке құрылғыларға көшіріп, Иранға жіберген болуы мүмкін.

Тергеушілер олардың із жасыру үшін хат-хабарды өшіру жолдарын іздегенін, сондай-ақ цифрлық бақылауды айналып өту үшін құпия ақпарат тұрған экрандарды жиі суретке түсіргенін айтады.

Федералды тергеу бюросының арнайы агенті бұл тәсіл «анықталудан қашып, жеке тұлғасын жасыруға бағытталған қасақана қадамдарды» қамтығанын түсіндірді.

Google өз тарапынан күдікті әрекетті жоспарлы қауіпсіздік мониторингі кезінде анықтап, құқық қорғау органдарына хабар берген. Компания бұл оқиғадан кейін құпия ақпаратты қорғау шараларын күшейткен.

Ұрлау фактісі дәлелденсе, коммерциялық құпияға қатысты әр айып бойынша 10 жылға дейін, ал әділетке кедергі келтіру бабы бойынша 20 жылға дейін түрме жазасы тағайындалу мүмкін. Бұдан бөлек әр айыпқа 250 мың долларға дейін айыппұл да қарастырылған.