Жұмыс тобы құрамында қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев пен «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев болды. Кездесудің негізгі мақсаты – Конституцияның жаңа жобасын таныстыру және 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызын түсіндіру.
Жиын барысында Данабек Исабек жаңа редакциядағы Ата Заңның басты ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, құжат ең алдымен адами құндылықтарға және азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша басымдық береді.
– Бұл заң жобасы уақыт талабына толық жауап береді. Бұған дейінгі Конституция өз миссиясын атқарды. Алайда қоғам дамыды, жаңа ұғымдар мен құндылықтар қалыптасты. Сол өзгерістерді құқықтық тұрғыда реттеу үшін негізгі құжатты жаңарту қажеттілігі туындап отыр, – деді депутат.
Сонымен қатар ол заң шығарушы орган құрылымындағы өзгерістерге де тоқталды. Бір палаталы жүйеге көшу заң қабылдау үдерісін жеделдетіп, оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген пікір білдірді.
Депутат сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының Президент тарапынан алты жылға бір рет қана тағайындалуы құқықтық жүйенің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл норма бір адамның ұзақ уақыт жоғары лауазымда отыруының алдын алып, жеке мүдделер ықпалын азайтуға мүмкіндік береді .
Өз кезегінде Қайрат Имашев жаңа жобада қарастырылған «Миранда ережесінің» енгізілуін маңызды жаңалықтардың бірі ретінде атады.
– Жаңа Конституцияда «Миранда ережесі» бекітіліп отыр. Бұл норма бойынша күдікті ұсталған сәттен бастап оның барлық құқығы толық түсіндірілуге тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы мүмкін. Мұндай тетік азаматтарды негізсіз қысымнан қорғап, әділдік қағидатын күшейтеді, – деді ол.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері жаңа жобаның денсаулық сақтау саласына ықпалына, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты сауалын қойды. Делегация мүшелері барлық сұраққа нақты жауап беріп, конституциялық реформаның қоғам өміріне тигізетін әсерін түсіндірді.
Жиын соңында коалиция өкілдері қатысушыларды алдағы референдумда белсендізлік танытып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Медицина саласының мамандары тарихи маңызы бар саяси науқанда бейжай қалмайтынын жеткізді.
Елнар ЕЛТАЙ