Дәл қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы осындай тағдыршешті кезеңнің, ұлы өзгерістердің табалдырығында тұр. 2026 жылдың 15 наурызына белгіленген жалпыұлттық референдумды жай ғана кезекті саяси шара немесе құрғақ статистикалық дауыс беру үрдісі деп қарастыруға болмайды. Бұл – мемлекеттігіміздің іргетасын қайта бекітіп, жаһандық өркениет көшіне ілесудің, жасампаздық пен өрлеудің даңғыл жолына түсудің тарихи әрі саяси маңызы зор қадамы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бастамасымен және тікелей қамқорлығымен әзірленген жаңа Конституция жобасы (3-ші Конституция) – еліміздің саяси құрылымын түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның мызғымас құқықтық қаңқасын қалыптастыратын түбегейлі, іргелі құжат.
Бұл тарихи қадамның терең саяси, әлеуметтік, философиялық және онтологиялық түпкі мәні – мемлекеттік даму үлгісінің түбегейлі өзгеруінде жатыр. Егер өткен индустриялық дәуірлерде мемлекеттің геосаяси салмағы мен қуаты оның жер қойнауындағы қазба байлықтарымен немесе әскери-қорғаныс әлеуетімен өлшенсе, бүгінгі жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және технологиялық тоғысу заманында ұлттың бәсекеге қабілеттілігі және адами капиталдың сапасымен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Ата Заңның ең басты тұжырымдамалық жаңалығы – мемлекеттің дәстүрлі ресурстық модельден қарқынды зияткерлік модельге конституциялық деңгейде ауысуы болса керек.
Осы стратегиялық мақсатқа сәйкес, жаңа Конституцияның жобасы адами капитал мен адам құқықтарын жоғары құндылық ретінде дәріптей отырып, Қазақстанның білім беру, ғылым және инновациялар саласын дамытуды мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде бекітеді. Бұл бағыттарды Ата Заң аясында айқындау – уақытша қалыптасқан жағдай емес, керісінше, еліміздің өркениетті даму жолындағы өміршеңдік қажеттілігі және ең шешуші факторы болып саналады.
Мемлекеттің даму деңгейі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адам құқығының сақталу деңгейімен де өлшенетіні ақиқат. 2026 жылғы Конституция жобасы – әділеттілік пен құқық үстемдігінің жаңа, биік стандарттарын бекітетін «Адам бостандығының жарғысы» іспетті. Құжаттың ең басты ерекшелігі – оның адамға бағдарланған сипатында. «Әділеттілік» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік аппараттың кез келген әрекеті осы қағидаттарға қайшы келмеуі тиіс екені айқын көрсетілген.
Заман ағымына сай, цифрлық дәуірдегі құқықтық қорғаныс ретінде, 21-бапқа енгізілген өзгерістер жеке өмірге қолсұғылмаушылықты жаңа сапалық деңгейге көтереді. Енді цифрлық технологиялар арқылы жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден және сақтаудан қорғау – конституциялық кепілдікке ие болмақ. Бұл өзгерістермен қатар, сот жүйесі мен адвокатураның рөлі де едәуір күшейтілді. Адвокаттық қызметке арналған арнайы баптың енгізілуі, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін міндетті түрде түсіндіру қағидатының бекітілуі және кінәсіздік презумпциясы қағидаттарының нығаюы – құқықтық немқұрайлылыққа тосқауыл қоятын және азаматтардың құқықтық қорғалуын халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз ететін маңызды шешімдер болып табылады.
Әділеттілік ұғымы тек заң алдындағы ғана емес, әлеуметтік теңдікті де қамтиды. Экономикалық және педагогикалық тұрғыдан алғанда, білім беру саласындағы конституциялық кепілдіктердің кеңеюі – «білім экономикасына» өтудің нақты іргетасы саналады. Азаматтардың тегін орта біліммен қатар, техникалық және кәсіптік білім алуға мемлекеттік кепілдік алуы – жастарға берілген үлкен мүмкіндік және әлеуметтік өрлеу сатысы. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – оның адам мүддесін бәрінен жоғары қоятын сипатында. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа кіріспеде жалаң ұран түрінде ғана емес, бүкіл Ата Заңның барлық бөлімінде қызыл желі болып тартылып, құжаттың мағыналық темірқазығына айналады.
Әсіресе, Конституция жобасының 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамытудың мемлекеттік стратегияның негізгі бағыты ретінде нормативтік тұрғыда бекітілуі – тарихи бетбұрыс саналады. «Елдің болашағын минералды ресурстар емес, азаматтардың жетістіктері мен адами капитал айқындайды» деген қағида – заман талабына берілген дәл және жүйелі жауап қана емес, ұлттық сананың жаңғыру бағдары. Бұл конституциялық нормалар білім беру жүйесінің, соның
ішінде болашақ ұлт ұстаздарын даярлайтын педагогикалық саланың мәртебесін жаңа биікке көтеріп, ғылымды ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналдыруға кең құқықтық дәліз ашады. Заманауи сын-қатерлерге жауап ретінде мемлекеттік қамқорлық аясы тек дәстүрлі әлеуметтік саламен шектелмей, жаңа виртуалды кеңістіктерді де қамтиды. Ата Заңда азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғау туралы алғаш рет арнайы норманың енгізілуі – Қазақстанның жаһандық технологиялық кеңістікте өз ақпараттық дербестігін сақтап қалуға деген стратегиялық ұмтылысын білдіреді. Бұл – біртұтас зияткер ұлт қалыптастырудың заңдық деңгейдегі сенімді кепілі ғана емес, елдіктің жаңа дәуірдегі жаңғыру нышаны болмақ.
Мұндай заманауи даму үдерістері ұлттық болмысымыз бен тарихи мемлекеттілік дәстүрлерімізбен тығыз астарласып, өзара үйлесім тапқан. Осы ретте билік жүйесін жаңғыртудың ең маңызды қыры ретінде Құрылтай институтының қайта түлеуін ерекше атап өткен жөн. Ұлттық мемлекеттіліктің тарихи тамырына үңілсек, «Құрылтай» ұғымы қазақ дүниетанымында әрқашан бірлік, алқалы кеңес пен ортақ жауапкершіліктің символы болған. Сондықтан да жаңа конституциялық реформа аясында бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы билік тепе-теңдігін далалық демократиямен сабақтастырып, мемлекеттік институттарды халыққа барынша жақындатудың теңдессіз үлгісіне айналмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бұл бастамасы – саяси жүйені кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін беруді көздейтін стратегиялық жоспардың өзегі. Президенттің Жолдауында жарияланған бұл реформа жаһандану мен цифрландыру үдерістеріне берілген жүйелі жауап болып табылады.
Құрылтайдың 145 депутатының пропорционалды сайлау жүйесі негізінде 5 жылға сайлануы саяси партиялардың институционалдық рөлін арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
Сонымен қатар Құрылтай заң шығару билігінің жоғары органы ретінде кеңейтілген өкілеттіктерге ие болады. Үкіметтің Құрылтай алдындағы есептілігі артып, парламенттік бақылау функциялары айтарлықтай күшейтіледі.
Бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай (Парламент) – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты мазмұнмен толықтырады. Бір палаталы Құрылтай (Парламент) – мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру мен билік тармақтары арасындағы теңгерімнің жаңа кезеңі деуге толық негіз бар.
Мұндай ауқымды стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік басқару жүйесі мен құқық қорғау тетіктерін жетілдірудің маңызы зор. Реформа шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін демократияландыру және сот билігінің адам құқықтары мен бостандықтарының шынайы, тәуелсіз кепілі ретіндегі рөлін арттыру ерекше мәнге ие. Конституциялық бақылаудың қосымша институттарын енгізу – мемлекеттің тек қағаз жүзіндегі формалды нормаларға емес, азаматтардың мүдделерін іс жүзінде қорғауға негізделген әділетті құқықтық орта (экожүйе) қалыптастыруға деген саяси ерік-жігерін айғақтайды.
Осы құқықтық іргетас негізінде жаңа Конституцияда мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы кепілдіктер күшейтілді. Білім алу құқығы енді адам құқықтарының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуы – мемлекеттің тікелей түрде міндеті болып табылады.
Рухани саладағы тағы бір маңызды жаңалық – «тарихи-мәдени мұраны сақтау» мен «төл мәдениетті қолдау» қағидаттарының алғаш рет мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты ретінде айқындалуы. Бұрынғы редакцияларда бұл мәселе жалпылама сипатта болса, енді азаматтардың тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеті Конституция деңгейінде талап етілетін міндет ретінде бекітіліп отыр. Бұл дегеніміз – бабадан қалған асыл мұра, тарих, салт-дәстүр енді мемлекеттің тікелей қамқорлығында және заңның қатаң қорғауында болады. Бұл өзгеріс ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық кодты келер ғасырларға бұзбай жеткізудің құқықтық қалқанын құрады. Сонымен қатар неке институтын «ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы» деп айқындау – жаһандық құндылықтардың алмасуы кезінде дәстүрлі отбасы институтын қорғауға бағытталған маңызды қадам болады.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституцияның жобасы – мемлекеттік құрылымның жай ғана кезекті құқықтық реформасы емес. Бұл – ұлттың саяси-рухани кемелденуінің және өркениеттің жаңа сатысына көтерілуінің айқын көрінісі. Ұсынылып отырған өзгерістерді терең зерделей келе, біз ел дамуының стратегиялық бағдарларының түбегейлі өзгергенін байқаймыз.
Біріншіден, бұл құжат – интеллектуалдық ұлттың бағдарламасы. Жер қойнауының байлығына емес, адами капиталға, ғылым мен инновацияға басымдық беру арқылы Қазақстан шикізаттық экономикадан «білім экономикасына» өтудің нақты құқықтық іргетасын қалайды. Екіншіден, әділетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің жаңа моделі жасақталады. Бір палаталы Парламент – Құрылтай мен Халық Кеңесінің құрылуы, билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау, Үкіметтің есептілігін арттыру – мұның барлығы демократиялық институттардың орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, рухани егемендік пен ұлттық бірегейлік нығайтылады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылау, тарихи-мәдени мұраны қорғау міндеттерінің енгізілуі – жаһандану толқынында ұлттық кодымызды сақтап қалудың мызғымас қалқаны болады.
Омархан ӨКСІКБАЕВ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Директорлар кеңесінің Төрағасы,
экономика ғылымдарының докторы