Бүкіләлемдік бокс ұйымы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты тәртіптік шешім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұйым допинг дауына байланысты спортшыны бір жылға шеттету туралы үкім қабылдады.
Бұл шешім 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.
Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері 2026 жылдың соңына қарай шаршы алаңға оралуы тиіс. Жоспар бойынша, ол уақытша чемпиондық белдіктің иесімен жекпе-жек өткізуі қажет.
Еске салайық, 15 қараша күні тапсырылған допинг сынамасынан спортшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Кейін VADA (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) боксшыға ресми хат жолдап, жоспарланған жекпе-жектің өтпейтінін хабарлаған.
Допинг дауына байланысты Әлімханұлы мен кубалық боксшы Эрисланди Лара арасындағы кездесу ресми түрде тоқтатылды.
Қазіргі таңда тараптардың алдағы әрекеттері мен спортшының командасы қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Дегенмен, бұл жағдай қазақстандық кәсіпқой бокс үшін елеулі оқиға ретінде бағаланып отыр.