Жамбыл облысында жоғалған ер адамның мәйіті бір аптадан кейін табылды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілген.

Жамбыл облысында бір апта бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 43 жастағы Нұржан Өмірбековтің мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілген. Іздеу шараларына 100-ден астам полиция қызметкері, құтқарушылар және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

«Аумақты кезең-кезеңімен тексеру барысында жергілікті тұрғындар жоғалып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оқиғаның мән-жайын тиісті қызметтер анықтап жатыр», – деді Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Карина Карташова.

Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұм достарымен бірге мал қарауға фазендаға шыққан. Жолда көліктері бұзылып, үшеуі әр бағытқа бөлініп кеткен. Достарының айтуынша, көлік істен шыққаннан кейін қар жауып, боран күшейген. Сол себепті олар Нұржанды көліктің жанында қалдырып, өздері жолға шыққан.

Болжам бойынша, Нұржан Өмірбеков те кейін жақын маңдағы ауылға қарай бет алған. Бірақ ауа райының күрт нашарлауына байланысты бағытынан жаңылып кетуі мүмкін. Оның мәйіті бұзылып қалған көліктен шамамен 10 шақырым жерден табылған.

Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала тексеру барысында мәйіттен айқын зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты іс қысқартылуы мүмкін екені хабарланды.