Қазақстан банктерінің 2026 жылғы қаңтардағы жиынтық таза пайдасы 198,5 миллиард теңгені құрап, 13% қысқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі хабарлады.
Еске салсақ, соңғы 5 жылда жыл басында алғаш рет осындай төмендеу тіркелді. Бұған дейін 2020 жылғы қаңтарда банктердің таза пайдасы 32% азайған еді.
Таза пайданың азаюына негізгі себеп – корпоративтік табыс салығы төлемдерінің ұлғаюы. 2026 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 8,2% өсіп, 44 миллиард теңгеге жеткен.
Сонымен қатар қаңтар айында банктердің активтері 0,9% төмендеп, 70,13 триллион теңгені құрады. Бұл қаржы активтерінің қысқаруымен, соның ішінде корреспонденттік шоттардағы қаражат пен репо операцияларының азаюымен байланысты.
Міндеттемелер 1% төмендеп, 59,4 триллион теңге деңгейінде болды, оның себебі – клиент қаражаты мен сыртқы қарыздардың азаюы.
Ал банктердің жиынтық капиталы керісінше 1,7% өсіп, 10,8 триллион теңгеге жетті. Бұл өсім резервтік капиталдың ұлғаюымен түсіндіріледі.