Aikyn.kz Айға адам ұшыруда NASA-ның алдында тұрған проблемаларды bgr.com сайтына сілтеме жасай отырып талдайды.
Адамзаттың Айға 50 жылдан астам үзілістен кейін қайта оралуы – тарихи сәт болмақшы. Сондықтан NASA-ның «Артемис II» миссиясы үлкен үміт пен қызығушылық тудырып отыр. Алайда миссия жақындаған сайын, оның қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық та күшейді. Төрт астронавт ұшатын Orion капсуласы мен ұшыру жүйесіне байланысты техникалық мәселелер бар.
NASA әзірге ұшырылымды наурыз айына жоспарлап отыр. Бірақ агенттік бұл миссияны «оқыс оқиғасыз» өткізу үшін бірқатар маңызды проблемаларды шешуі керек.
Бірінші мәселе – сұйық сутегінің ағуы. Мұндай проблема 2022 жылғы «Артемис I» кезінде де ұшырылымды кешіктірген. Енді «Артемис II» дайындық сынақтарында да осы ақау қайталанған. Алғашқы сынақ кезінде жанармай қосылысы маңындағы газ концентрациясы 16%-ға дейін көтерілген. Бұл – NASA бұрын қолданған 4% шектен төрт есе жоғары. Кейін агенттік шекті деңгейді 16%-ға дейін көтерді. Бұл шешім техникалық тұрғыда түсіндірілгенімен, уақыт жағынан күмән туғызды.
Екінші түйткіл – байланыс жүйесіндегі ақаулар мен борттық электроникадағы кернеу аномалиясы. NASA мәліметінше, 19 ақпанда сағат 11:11-де Кеннеди орталығындағы командалар жерүсті байланыс жүйесі істен шығып, резервтік арналар қосылған. Жүйе шамамен 11:45-те қалпына келтірілдген. Сонымен қатар үдеткіштің борттық электроникасында кернеу ауытқуы болып, кері санақ уақытша тоқтатылған.
Үшінші мәселе – Orion капсуласының жылу қорғаныш қалқаны. «Артемис I» Жерге оралғанда, қалқан күткеннен көбірек тозғаны анықталды. NASA экипажға қауіп төнбес еді дегенімен бұл тұтас жүйенің сенімділігіне қатысты күмәнді күшейтті. Агенттік енді атмосфераға кіру траекториясын қайта қарастырып жатыр.
Төртінші мәселе – скафандрларға қатысты алаңдаушылық. Сарапшылар Axiom әзірлеген AxEMU жүйесінің артықшылықтарын мойындағанымен, оның салмағы мен көлемі жөнінде сын айтылуда. Жер жағдайында оның салмағы 130 кг асады, ал Apollo дәуіріндегі скафандрлар шамамен 90 кг болған. Бұрынғы астронавтар мұндай ауыр жабдық ұзақ миссияларда физикалық жүктемені арттыратынын ескертеді.
Қорыта айтқанда, «Артемис II» – тек символдық миссия емес, NASA үшін сенім сынағына да айналды. Айға қайта ұшу жолындағы басты сұрақ енді технологияда емес, қауіпсіздік пен сенімділікті дәлелдеуде болып тұр.