Семей қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінде аралас жекпе-жек (ММА) бойынша Азия чемпионы, қатардағы жауынгер Аян Рахимбек мерзімді әскери қызметін өтеп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұландық өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласынан әскер қатарына шақырылған. Ол – ММА бойынша спорт шеберлігіне үміткер.
Аян аралас жекпе-жекпен бесінші сыныптан бастап айналысады. 2019 жылы өткен жарыста финалда Қырғызстан спортшысын жеңіп, Азия чемпионы атанған.
Әскери қызметшінің айтуынша, әскердегі тәртіпке бейімделу оған қиындық туғызбаған. Ол әскери қызмет барысында да спорттық дайындығын жетілдіруді жалғастырып жүргенін атап өтті. Бөлімде жыл сайын әскери қызметшілер арасында қоян-қолтық ұрыстан жарыстар өткізіледі, ал алдағы уақытта қатардағы Рахимбек әскери бөлім намысын аралас жекпе-жек турнирлерінде қорғауды жоспарлап отыр.
Әскери қызметшінің анасының айтуынша, спорттағы жетістіктері мен физикалық дайындығына қарамастан, ұлы әрдайым қарапайымдылығын сақтап, үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетеді және өзгелерге көмек қолын созуға әрдайым дайын.
Қаруластары да Аянды батыл, қызметтік міндеттерді орындауда үздік әскери қызметші ретінде сипаттайды. Қазіргі уақытта ММА бойынша Азия чемпионы Семей қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқаруда.
Айта кетейік, Аянмен бірге 5511 әскери бөліміне Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан шақырылған сарбаздар да келіп, әскери қызметін өтеп жатыр.