«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының ақпараттық науқаны жаңа серпін алды. Бүгін коалицияның Түркістан өңіріндегі белсенділері «Керуен-Сарай» туристік кешенінде болып, қала тұрғындары мен байтағымыздың әр аймағынан келген отандастарымызды еліміз үшін тағдыршешті сәтте, Республикалық референдумға қатысуға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Референдум сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде коалицияның жас белсенділері, жастардан құралған ерікті топтар заманауи сәулет өнері мен ұлттық мәдениетті үйлестірген туристік кешенде келуші азаматтармен бейресми кездесу өткізді. Олар жиылған қауымға жаңа Конституцияның преамбуласы, негіз құраушы қағидаттары, Ата Заңмен бекітілген кепілдіктер туралы қоғамға пайдалы ақпараттар ұсынды. Референдумға қатысу әр азаматқа жүктелген тарихи жауапкершілік, прогрессивті және саналы таңдау жасау сәті екенін түсіндіріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысуы – конституциялық реформалардың нәтижесі екеніне баса мән берді. Іс-шараға қатысқан жастар ақпараттық материалдар таратып, үгіт материалдарын заңда белгіленген тәртіпте және арнайы бекітілген орындарға ілді.
Коалиция өкілдері жаңа Конституцияның адам құқықтарын қорғауға, әлеуметтік әділетті қоғам құруға, мемлекеттік басқаруды тиімді және ашық етуге бағытталғанын атап өтті.
«Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа дәуірін айқындайтын құжат. Ал алдағы референдум – әрбір азаматқа өз дауысы арқылы ел тағдырына ықпал ету мүмкіндігін беретін шешуші сәт. Мұндай кездесулер қоғамдағы азаматтық белсенділікті арттырып, ел болашағына қатысты шешімдердің қоғам болып бірлесе қабылдануын қамтамасыз етеді», – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Жастардан құралған ақпараттық-насихат тобының жетекшісі Еркебұлан Мадиярұлы жаңа Конституцияның 3-бабында жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету міндеттері белгіленгенін айта отырып, жастар еңбексүйгіш қоғам қалыптастыруды, прогрессивті идеяларды іске асыруға бірігуді және білім мен ғылым құндылықтарын алға жылжытуды қолдайтындарын жеткізді. Ал Конституцияның 33-бабы әр азаматқа білім алуға, инновацияны игеруге кепілдік беретінін мәлімдеп, Ата Заң жас толқын үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Қала тұрғындарымен және қонақтарымен өткен ашық пікір алмасу кездесулеріне коалиция мүшелері Жанар Темірбекова, Инара Намазбаева, Әлия Қасымбек, Марат Найзабеков қатысып, азаматтар көтерген сауалдарға жауап берді. Жалпы, кездесулерде азаматтар Конституцияны қолдайтынын айтып, референдумда өз дауысын беруге дайын екенін жеткізді.