6-7 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік Gala Вallet өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Көрермен назарына классикалық мұра жауһарлары мен заманауи хореографиялық қойылымдардан құралған әсерлі әрі жан-жақты бағдарлама ұсынылады. Кеш бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Бірінші бөлімде хореографиялық миниатюралар, сондай-ақ Петр Чайковскийдің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» балеті көрсетіледі. Балетмейстердің айтуынша, салтанатты Триумф – әсемдік, нәзіктік пен шырқау биіктік тұтасып, классикалық балет ғаламатымен толысқан сәт. Бұл – классикалық биді дәріптеген дастан деуге тұрарлық Чайковскийдің музыкасына қойылған «Триумф» – Айнұр Әбілғазинаның алғашқы ірі жұмысы.
Хореография өнерін сүйер қауым, сонымен бірге мінсіз орындалған жеке және дуэт билерін де тамашалай алады. Бағдарламада Арам Хачатурянның «Спартак», Сергей Рахманиновтың «Көктемгі су», Адольф Аданның «Жизель», Камил Сен Санстың «Аққу», Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де және басқа да балет үзінділері бар. Бұл қойылымдардың костюмдері ғажап, декорацияларынан да көз ала алмайсыз.
Gala Ballet – Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған ерекше кеш. Көктем қарсаңында театр бұл кешті нәзік жанды әйел затына арнап, көрермен қауымға жылулық, шабыт және ерекше мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысады. «Көктемнің алғашқы мерекесін біз түрлі хореографиялық миниатюраларды біріктіретін ғажайып гала-концертпен қарсы аламыз. Оның бағдарламасында талғампаз классикадан бастап, заманауи қайылымдарға дейін қамтылған. Осындай алуан түрлі қойылымдар көркем тілдің сан қырын ашып, труппаның кәсіби кемелдігін көрсетуге мүмкіндік береді. Бағдарламада сондай-ақ балет өнерінің әлемдік жауһарларынан үзінділер мен миниатюралар ұсынылады. Бұл – кешіміздің салтанатын асырып, дәстүр мен қазіргі заманның сабақтастығын айшықтап тұрғандай», – деп атап өтті Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.
Айта кетейік, наурыз айында астаналық ұжым басқа да мазмұнды бағдарламаларды ұсынады: 13-14 наурыз – Carmina burana балет-кантатасы, Наурыз мерекесі қарсаңында, 21 наурызда симфониялық оркестрдің Therapy. Jazz Night концерті өтеді, ал 27-28 наурызда көрермен қауым «Орфей мен Эвридика» балеті мен «Bolero X» бір актілі заманауи балеттің премьерасын тамашалай алады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.