Прокуратура араласқаннан кейін 3,5 миллиард теңгелік ферма құрылысы қайта жанданды

Талдау барысында инвестор жобаны іске асыру үшін мүлікті кепілге қойып, кредит қаражатын тартқаны анықталды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен Павлодар облысы Успен ауданының прокуратурасы «БИК» шаруа қожалығына ірі сүт-тауар фермасының құрылысын қайта бастауға көмектесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Талдау барысында инвестор жобаны іске асыру үшін мүлікті кепілге қойып, кредит қаражатын тартқаны анықталды.

«БИК» шаруа қожалығы міндеттемелерін адал орындап, кредиторға негізгі қарыздың 500 миллион теңгесін бірде-бір кешіктірмей төлегеніне қарамастан, кепіл ұстаушы ауыртпалықтарды алып тастаудан бас тартқан.

Активтердің іс жүзінде «тоқтатылуы» одан әрі қаржыландыру мен құрылыс жұмыстарын жүргізуді мүмкін емес етті.

Кредитордың әрекетсіздігі құны 3,5 миллиард теңге болатын 500 басқа арналған сүт-тауар фермасы жобасының жүзеге асырылуына, сондай-ақ өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға қауіп төндірді.

Прокуратураның араласуынан кейін кепіл ұстаушы мен инвестор арасында келісімге қол жеткізілді, қазіргі уақытта мүлікке салынған барлық ауыртпалықтар алынды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып қала береді.