Жаңа Конституция жобасы: халықты ақпараттандыру науқаны қарқын алды

Ел аумағындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 322 фронт-офисінде арнайы ақпараттық баннерлер орналастырылған.

Қазақстанда алдағы республикалық референдум қарсаңында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа Конституция жобасына қатысты анықтамалық және танымдық материалдар қоғамдық орындарда, соның ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен медициналық мекемелерде кеңінен таратылуда.

Ел аумағындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 322 фронт-офисінде арнайы ақпараттық баннерлер орналастырылған. Сонымен қатар күту залдары мен қызмет көрсету аймақтарындағы 3 мыңнан астам қосымша мониторда өзекті бейнематериалдар көрсетілуде. ХҚКО-лардың негізгі ақпараттық алаң ретінде таңдалуы келушілер санының көптігімен түсіндіріледі: бұл орталықтар күн сайын орта есеппен 63 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетеді.

Ақпараттандыру жұмыстары медициналық инфрақұрылым арқылы да кеңейтілуде. Қазіргі таңда еліміз бойынша 545 медициналық мекеме жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдум туралы ақпарат тарататын қосымша алаңға айналған.

Бұл бағыттағы жұмыс әсіресе республикалық маңызы бар қалаларда қарқынды жүргізілуде: Алматыда – 76, Шымкентте – 60, ал Астанада 31 медициналық мекеме қамтылған. Облыстар арасында Түркістан (45), Атырау (34) және Ақмола (32) өңірлерінде ақпараттық науқан белсенді жүзеге асырылуда.

 

Осылайша, жүйелі ақпараттандыру шаралары азаматтар жиі баратын нысандарда шоғырландырылып отыр. Бұл тәсіл референдум мен дауыс беру тәртібі туралы мәліметтердің халыққа барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.