Агросектордағы шектеу: таразы басы тең болса игі

Біздің ел ауыл шаруашылығы бағытындағы кейбір өнімдердің экспортталуына шектеулер қойып жатады.

Басты мақсат – ішкі нарықта тапшылықты жою. Бірақ бұл шектеулер мәңгілік емес, белгілі бір мерзімге межеленген. Алайда кей кездері шектеулер нарық заңдарына қайшы келіп қалатын тұстары да жоқ емес.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында нарыққа қайшы шек­теу­лерге қатысты пікір білдірді. Яғни, бірден шектеп, ішкі нарықты түгел қамта­масыз еткенше, кешенді шешімдер қабылдау қа­жет деп санайды. Сонымен бірге ет-сүт өнімдерінің басым көпшілігі жеке және қосалқы шаруашылықтарда деп нақтылап өтті.

– Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Ше­шімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жас­ал­ып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек. Үкімет бизнес қауымдастығымен бір­лесе отырып, тамақ өнеркәсібін да­мытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Елімізде мал шар­уа­­шылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл – айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсі­ніксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл сала­да шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнім­дердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашы­лықтарда және шаруа қожалықтар­ында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайы­зы – солардың ен­шісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр, – деді Президент.

Үкімет деректеріне зер салсақ, 2022-2024 жылдары астық өнім­деріне (бидай мен ұн) экспортына шектеулер енгізілгені байқалады. Бұл кезеңдердегі шектеу мен квотаның мерзімі 6 айға белгіленген. Яғни, осы кезеңдерде егін орағы басталып, астық жиналғанша ғана шектеу болған, одан кейін алынып тасталған. Кейінгі екі жылда астық экспортына шектеу салынбаған. АШМ дерегіне қарағанда, 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап министрліктің бұқа экспортына, соның ішінде Еуразиялық эко­но­микалық одақ елдеріне экспорттауға қатысты ережелері алты ай бойы күшінде болған. 2025 жылдың 15 мамырынан басталған Қазақстаннан бұқашықтарды экспорттауға тыйым, енді 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылды. Сондай-ақ 4 айдан асқан қошқарларды экспорттауға арналған квоталар 2026 жылғы 30 сәуірге дейін қолданылады. Квота­лар көлемі – 120 мың бас: борда­қылау алаңдары мен тауар өндіру­шілер үшін 60 мыңнан. Бұл ретте бір бордақылау алаңына арналған шектеу оның қуатының бір және жиынтық мөлшерінде 30 пайыздан аспайды, ал бір тауар өндірушіге квотаның қолданылу кезеңіне 500 бастан аспайды. Қуаттылығы 5 мың бас және одан асатын борда­қылау алаңдары үшін шектеу кво­таның бүкіл қолданылу кезеңіне 1,5 мың қошқарлардан аспауға тиіс делінген. Айта кетейік, 20 мың тонна ет экс­портына тыйым әлі күш­­ін­де. Ол биылғы жылдың жартысына дейін қолданыста болмақ. Салыстырмалы түрде қарасақ, кейінгі төрт жылдың ал­ғаш­қы жылдарында астық экспор­тына шектеу көбірек басым болса, кейінгі жылдары мал шаруашылығы бағытында шектеулер көбейген. Аталған шектеулердің түпкі мәніне үңілсеңіз, отандық нарықты өз өнімдерімізбен қамту көзделген деседі. Бірақ қоғам шектеулерге әртүрлі көз­қараста.

АШМ деректері бойынша, 2025 жыл­дың 31 желтоқсанында Қазақ­станда сиыр етіне экспорттық кво­та­ларды бөлу­ді реттейтін жаң­ар­тылған ереже күшіне енді. Шектеу шаралары үшінші елдерге де, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге де жөн­елтілімдерге қолданылады. Жаңа мех­анизм алты ай бойы, 2026 жылдың 30 маусымына дейін күш­інде болады. Бұл шектеу фермерлер тарапынан қолдау таппаған сың­айлы. Шаруалар мұндай қолдан жасалған шектеу ет өнімдерінің құр ысырап болуына апарып соғады деген уәж айтады. Фермер әрі мал шаруашылығы саласының сарапшы­сы Болат Әлдебайұлы нарыққа қайшы шектеулер енгізу қажет емес деп біледі. Оның тәжірибесіне қарағанда, төрт түліктің әбден күтімін жасап, бордақылауға шы­ғарып, ішкі нарық пен алыс-жақын шетелге сатамын деп отыр­ғанда шектеп тастау, шаруаларды шығынға батырады екен.

– Нарық заманында шектеу енгізген жөн болмай тұр. Шаруа­шылықтарда 1-2 мың бас мал бордақылап отырғандар шектеулерге тап болып, етін шетелге сата алмай дал. Бірақ осы күні Астана мен Шығыс, Солтүстік өңір­лерге Моң­ғоли­яның еті келіп, қарабазар­ларда сатылып жатыр. Ресейден екі бастан ет импорты бар. Бірақ шетел еттері қанша­лықты санитарлық талапқа сай? Ол да бей­мәлім! Кезінде фер­мер­лер 6 пайызбен несие алып, 18 пайызын кепілдендіретін жәрдем бар еді. Оның соңы екіұшты болып, бүгінде шаруалар 24 пайызбен кредит төлеп шығынға батты. Егер 6 айға, 1 жылға деп мал шаруашы­лығы өнімдеріне шектеу қоя берсе, шаруалар шығынға батып, ешкім мал бағып, ет-сүт өндірмейді. Өйт­кені мал бағып, семіртіп, борда­қылап ет өткізу үшін де жем-шөп, күтім керек. Экспортқа шектеу енгізілсе, ішкі на­рық­қа арзанға өнім сатады деп ойлайды. Шаруа көп уақыт бойы мал семіртіп, сойып сатуды діттейді. Ал енді сату маусымы бастал­ғанда шектеу енгізіп тастаса, қырғын шығынға батып, пайда таппаған кәсіпкер ақыр соңында құлдырайды ғой. Сондық­тан нарыққа қайшы шектеу енгізу керек емес. Сол себепті де адам­дар кооперацияға бірігіп, мал шаруашы­лығы бағытындағы бағдарлама тезірек жүзеге асса екен. Сонда жекелеген адамдар коопера­тивтерге бірігіп, ет-сүт өнімдері өзі­мізге толық жеткілікті болса, сыртқа шы­ғарып сатуға да ешқандай шектеу бол­майтын шығар, бәлкім, – дейді фермер. 

Ал астық экспорты саласында бүгінде ешқандай шектеу жоқ екен. Бұл сала қар­қынды дамып келе жатқанға ұқсайды. Үкімет дере­гінше, былтыр 27,1 млн тонна ас­тық өндіріп рекордтық көрсет­кіш­терге қол жеткізілген. 2024-2025 жыл­дары 13,4 млн тоннаға жуық астық еш кедергісіз экс­­портқа жөн­елтілген. Былтыр Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі жыл бас­ын­да картопқа шектеуді 6 айға енгізіп, кейін алып тастаған. Ал дәл сондай сәбізге де шектеу бола­тындығы туралы ақпарат жоқ­қа шығарылған. Белгілі агросарапшы Акпар Қаза­лыұлы көкөніс бағытында ғана оқта-текте шектеу болғаны бол­маса, жалпы ас­тық шаруашылы­ғында жоқ деп отыр. Егер агро­секторды дамытуды жолға қойсақ, шектеу мәселесі болмайтын сияқты.

– Астықтан өндірілетін ұн, макарон өнімдерінің экспортына ешқандай шектеу жоқ. Алыс-жақын сырт мемлекеттерге сатылып жатыр. Бүгінде аграрлық салада бидай, күріш, арпа сияқты дәнді-дақыл­дарды Таяу Шығыс, Орталық Азия­ға, Ресейге, Қытайға және Еуропаға да экспорттауға ешқандай шектеу жоқ. Сатылып та жатыр. Бұрын көкөністерге шектеу қойыл­ып өз тиімсіздігін берді. Бір жолы сәбізді сыртқа сатуға шектеу қой­мақ­шы болды, алайда біз араласып кейін ол шектеу қойылмайтын болды. Ішкі нарыққа бүгінде 450 мың тоннадай сәбіз жеткілікті болып тұр. Мұның алдында қырық­қабатқа, пиязға, картопқа шектеу қою өзінің тиімсіздігін көрсетіп берді. Демек, нарыққа қайшы шек­теулер енгізу әрқашан тиімсіз. Өйткені ауылшаруа­шылық өнімдері тұтынушыға жетпесе, тез бұзылып, өз құнын жоғалтады. Біздіңше, шектеу деген мәселеден гөрі, агро­секторды кешенді дамытуды ой­лас­тырған жөн, – дейді агро-сарапшы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дереккөздерінде, 2025 жылғы 16 сәуірдегі Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комис­сияның шешімімен ауыл шаруашы­лығы жануар­ларының терісі мен жүнін экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау мақұлданған. Алайда бұл қадам аталған саланы ілгерілетпейтін сияқты. 

Нарық заңдылықтарына қара­ғанда, өнімнің кей түріне шектеу қою пайдалы болғанымен, бұл үрдіс тері өнімдеріне кері әсерін беріп отырған көрінеді. Қайта тері өнімдері саласында баж салығы салынып шектеулер енгізілсе, отандық тері мен жүн өндірісіне кәделі болмақ екен. Тері өңдеуші­лер қауымдас­тығының төрағасы, «КазЛидер­Мех» ЖШС директоры Нұрман Нүптекеев, тері өнімдеріне саласында шектеулер сақ­талғанын қалайды. Әйтпесе, біздің тері өнімдері Өзбекстан, Ресей, Қытай арысы Түркия асып кетпек. Ол баж салығының алынып тасталға­нына да қарсы болып тұр.

– Шикізат тапшылығы экспорт­тық баж салығы (200$/тоннасына) алынбай тұр­ғанда сезілмейтін. Тері барлық зауытқа артығымен жететін. Былтыр маусымның 11 #183 НҚ ҚР Сауда және интеграция ми­нистрлігінің шешімімен сыртқа шығаруға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталды. Сол кезден бастап тапшылық қатты сезілді. Мысалы, айына 900 тоннаға дейін тері өңдейтін Алматы зауы­тының өндіріс қуаты бірден екі есеге түсіп кетті. Сондай жағдай Семей, Екібастұз зауытта­рында да орын алды. Қордай зауыты тері жетпегеннің салдарынан, жыл соңында тіп­тен қаңырап қалды. Себебі сапалы ши­кізат Өзбекстанға, Түркияға асып кетті. Ал сапасыз шикізатты бағасы арзан, пайдасы аз болғандықтан, көп адам жинауға аса құлықты емес. Сол себептен отандық тері өңдейтін кәсіпорын­дарда шикізат жетіспеу­шілігі орын алды. Өңделмеген шикі тері сыртқа кетсе, мейлі арзан, мейлі қымбат бағада болсын, ол тек тері жинайтын алыпсатарға ғана пайда әкеледі. Мемлекет қанша салықтан (ҚҚС, әлеуметтік, кор­поративтік кіріс салығы т.с.с салықтардан) жұмыс орнынан, ал кәсіпорындар кіріс­тен қағылады, даму болмайды. Терең өңдеу құрдымға кетеді. Ин­вес­торлар қызығушылық таныт­пайды, тіпті қашып кетеді. Шикі­затпен қамта­масыз етілмесе, кім келеді? Міне, осын­­дай мульти­пли­кативті зияны бар. Сал­ыстыр­малы түрде алсақ, Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан бәрінде шикі теріге баж салығы бар. Тіпті, Моңғолияда шикі теріні шығаруға шектеу қойылған, – дейді тері өнімдерінің маманы.

Тоқетері, Мемлекет басшысы Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты тиісті тапсырма жүктеді. Енді 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы коопера­циясы тура­лы» жаңа заң дайында­лады. Жыл соңына дейін суб­сидиялау үдері­сін цифрландырып, шаруалар­дың міндеттемелерін бақылауға алу жүзеге аспақ. Демек, осының бәрі әкі­м­шілік шаралармен жасала­тын шек­теулерді азайтудың көрінісі болса керек. Шаруаның шаруасы шалқайып, елдің аузы аққа, ұрты майға, ас-ауқатқа тойып жүрсе, агросектордың дамығанды­ғының көрінісі болар еді.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ