Еліміздегі орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ жалғыз қала ретінде Қызылордадағы бұл түйткіл назардан тыс емес. Тіпті, 2023 жылы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Соның негізінде 2024 жылы қаланы ыстық суға қосу жобасы бастау алғанымен, ел игілігін әлі де толық сезінер емес. Ендігі халық арасында баянды бастаманың шарапатын көргендер қарасы қалыңдамай тұр.
Негізінен, Қызылорда қаласын орталықтандырылған ыстық су жүйесімен қамту ондаған жыл бойына өзектілігін жойған жоқ. Дерекке сәйкес, 90-шы жылдары жаппай тоқырау үдерісі салдарынан орталық жүйе күтімсіз қалып, инфрақұрылым тозып, ыстық су беру тоқтатылған. Содан бері тұрғындар аристон секілді су жылытқыш құрылғылармен жан бағуға мәжбүр.
Президенттің Сыр өңіріне сапарынан кейін 2024 жылы жалпы құны шамамен 26,2 млрд теңгені құрайтын өңір тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба бастау алғаны көпке жария болды. Жоспарға сәйкес, бірегей жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылатыны айтылды. Жоба межеге сай жүргізілсе, облыс орталығындағы 423 тұрғын үйді ыстық суға қосу көзделген. Оның ішінде 2024 жылы 186 тұрғын үйге құбыр тарту жұмыстарын жүргізу жоспарланса, 2025 жылы 200-ден астам үйге ыстық су жеткізу қарастырылған.
Бірегей жоба негізінде 2024 жылы бірқатар шағын ауданда ыстық су желісіне қосу жұмыстары қолға алынды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сол кезең бойынша 186 үй ыстық судың игілігін көруге тиіс болатын. Бірақ кейіннен жоспар бойынша тиісті жұмыстар толық атқарылмағаны белгілі болды. Бұл жөнінде сол кездегі жобаны жүзеге асыруға міндетті операторы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жария еткен болатын. Нақты айтқанда, қаланың сол жақ жағалауындағы 5 көпқабатты үй мен Астана-1 мөлтек ауданындағы 13 көпқабатты үйге, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 үйге және Тасбөгет кентіндегі 5 үйге ыстық су берілген. Сондай-ақ Одежда, Автовокзал мен Универсам аумағындағы 34 үйге, Шұғыла мөлтек ауданындағы 49 үйге және №5 оқу ғимараты маңындағы (КИАП) 6 үйге және Сырдария мөлтек ауданындағы 19 үйге де ыстық су толық іске қосылғаны жария болды. Ал ол кезде қалған 40-тан астам үйді алдағы уақытта іске қосу жоспарланып отырғанын айтумен шектелген еді. Бұл әу бастан тұрғындардың ыстық су жүйесінің жабдықтары мен жұмыс сапасына деген сеніміне селкеу түсіргенін байқатты. Негізінен, сол уақытта жобаның 1-ші кезеңі бойынша Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінгені айтылды.
Жалпы, мамандар ыстық су жүйесінің тиімділігі жоғары екенін жиі айтады. Мәселен, ыстық су жүйесі электрлі су ысытқыш құрылғыларына (аристон) қарағанда шығыны аз болатынын алға тартады. Яғни, тұрғындар электрлі су ысытқыш құрылғысына қарағанда ыстық су жүйесінен 60 пайыздан астам қаржысын үнемдеуге мүмкіндік алады. Бұған қоса ыстық су желісіне қосылу әрбір тұрғынның өз қалауымен жүргізілетіні де айтылып жүр. Сондай-ақ ыстық су жүйесін орнату жұмыстары ақысыз негізде жүргізілетіні де түсіндірілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жоғары сапалы материалдар, еуропалық өндірушілердің жабдықтары қолданылып жатқаны да айтылып жүр. Соған қарамастан, жұмыстың баяу жүріп халықтың сеніміне селкеу түсіріп тұрғаны жасырын емес.
Осы орайда жобаның қазіргі аяқ алысы төңірегінде Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан сұрап көрдік.
«Жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 423 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен қамту көзделген. Аталған жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, І кезең бойынша 2024 жылы – 186 үй, 2025 жылы ІІ кезең бойынша 237 үйге ыстық су жеткізу көзделген. Осы орайда бірінші кезеңге Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Қызылорда қаласында ыстық сумен жабдықтау құрылысына 11 млрд теңге бөлініп, 186 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ал екінші кезеңнің жұмыстарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 5 млрд теңге бөлінді. Оған Қызылорда қаласының 61 КПТҮ-лердің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар тапсырманы толық орындау мақсатында Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 176 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтауды аяқтау үшін 10,2 млрд теңге қаражат бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді басқармадан.
Негізінен мамандар тарапынан Қызылорда халқын орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуді облыс орталығында құрылысы қарқын алған жаңа жылу электр орталығымен байланыстырады. Әлеуеті жоғары саналатын жаңа жылу электр орталығы аймақтың электр энергиясы мен жылу қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жоба саналады. Жалпы құны шамамен 215 млрд теңгені құрайтын ЖЭО инвестор есебінен салынуда. Бірегей жобаны Aksa Energy компаниясы жүзеге асырып жатыр.
Жалпы, құзырлы орындар тарапынан ыстық су тарту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдейді. Бірақ әуелгі жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Қызылорда қаласын толық ыстық су жүйесіне қосу жоспары кешеуілдеп тұр. Ал тиісті жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанына алаңдаған тұрғылықты халық отыз жылдық арманының орындалар сәтін асыға күтіп жүр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы