Тергеуді Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Тергеу мәліметінше, екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы сүт өндірісі мен оны терең өңдеу өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуға бөлінген субсидияларды заңсыз рәсімдеп келген.
Анықталғандай, «Рассвет» шаруа қожалығында мәлімделген өндіріс көлеміне сай жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электрондық шот-фактуралар жүйесінде «МолПродЖаркаин» СПК-на 3 миллион келіден астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімдеген болып шықты. Осы деректер негізінде сүтті қайта өңдеп, сары май мен қатты ірімшік өндірілді деген есептілік тапсырылған.
– Өтінімдер уәкілетті орган тарапынан мақұлданғаннан кейін бюджет қаражаты кәсіпорынның есепшотына аударылып отырған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады. Тергеу деректеріне сәйкес, алынған қаражаттың бір бөлігі сотталғандардың бірінің туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаржыға жылжымалы ғимарат сатып алынып, ол жалға беріліп, табыс көзіне айналған, – дейді Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Тергеу барысында алты жер учаскесіне, төрт пәтерге, 11 автокөлікке, бір жылжымалы ғимарат пен өнеркәсіптік нысанға тыйым салынды. Сондай-ақ сот үкімімен екі айыпталушы да 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жылжымалы ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап бөлігінде үкім толық орындалғанға дейін сақталмақ. Үкім заңды күшіне енді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.