Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Қырғыз Республикасымен шекарада орналасқан блокпосттан бір тәулікте 120-дан астам адам өткен.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Айша-бибі» шекара бекетінде болып, кедендік және шекаралық қызметтердің, сондай-ақ Қырғызстаннан келген азаматтарды тексерумен айналысатын медицина мамандарының қызметімен танысты.
Өткен тәулікте бұл бекет арқылы 124 адам өтсе, оның ішінде, дене қызу бар немесе 1 А, 1 Б, 2 және 3 санаттағы елдерден келушілер тіркелмеген. Облыс әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және денсаулықты сақтау бойынша қойылып отырған міндеттерді барынша сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Салалық ведомстволар мен Жамбыл ауданының әкімдігіне жан-жақты тапсырмалар жүктеді.