Сырым Аманжанұлы, дәстүрлі әнші: Өзін ғана дәріптеп өлермендікпен атақ алу дендеп тұр

Бүгінгі күні тек әнді емес, әншінің өзін де, сөзін де тыңдау маңызды

Дәстүрлі әншілік өнер атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасып, уақыт сүзгісінен өтіп бүгінге жетті. Бірақ бұл мұра тек әндердің өзімен шектелмейді, ән айтушылардың тәжірибесі мен көзқарасы да сол өнердің ажырамас бөлігі. Сондықтан бүгінгі күні тек әнді емес, әншінің өзін тыңдау маңызды. Осы орайда біз дәстүрлі ән өнерінің белді өкілі, орта буын әншісі Сырым Мұхамеджановты әңгімеге тарттық.

Сәке, мына бір сұрақты бірден төтесінен қоюға рұқсат етіңіз. Көптен бері ойда жүр еді. Бүгінгі таңда дәстүрі әншілер сахнаға қара домбыраның сүйемелімен бірге, эстрада жанрында да ән салып жүр. Яғни, екі бағытты қатар алуда. Бірақ сізді эстрадамен ән салғаныңызды көрмедік. Бұл бағыттан арнайы бас тартқаныңыз ба? Әлде басқа себеп бар ма?

- Бұл рас. Бізге дейінгі, бізден кейінгі, замандастарымыз эстрадамен де ән айтып жүр. Маған да “қара домбыраңды арқалап қашанғы жүресің, сен де ертең эстрадаға ерте ме, кеш пе әйтеуір бір түсесің” деген сынды пікірлерді алдыңғы буын әншілерден талай естігенбіз. Ал мен, дәл сол өнерді аса көңілім қаламаған соң және де сол әннен рахат ала алмадым. Ол жаққа аса зауқым соқпады. Сол себепті осы қазақтың классикалық төл таза бекзада өнерін тереңдету жолында тер төгіп келемін. Ашылмай жатқан небір ақтаңдақтардың бір пұшпағы ілініп қалар деген ниетпен, тоқтаусыз ізденіспен келемін. Ол үшін әнді жан жүрегіңмен сүйюің керек, яғни мен бұл әнді жан-тәніммен сүйемін.

- Рақмет. Ән алыптары жайлы сұрағым бар. Әнші ретінде қарапайым оқырманға мынаны түсіндіріп беріңізші, Ақан мен Біржанның, Үкілі Ыбырай мен Естайдың, жалпы сол дәуірдегі әншілердің әндерінің айырмашылығы неде?

- Бастарына түскен жағдайларына, тағдырларына және де сол кездегі ортасына байланысты айырмашылықтар бар. Зерттеп, түйсініп түбіне үңілсең, көрініп тұрады. Мысалы, Біржан салдың әндері үйреніп, жаттауға оңай келгенімен айтылуында дауыстың үлкенін талап етеді. Біржан сал көп жағдайда елдің әлеуметтік жағдайын көп жырлаған. Және де бай-бағыландармен жаны қас болғаны, әндерінде көрініс береді. Халық жағына шығып, халықтың сөзін сөйлеп, теңдік іздеу жолында күрескен қайраткер өнерпаз болған. Ал енді “Мақпал”, “Он екі звот”, “Жан баспас”, “Көкшетаудың биігі”, “Айтбай” деген әндерін екінің бірі айта алмайтын, әншінің әншісін таңдайтын әндер. Мінезі - драма, образы - батырлық, беретіні - рух.


Ал Ақан серінің әндерін драмаға көп сала алмайсың. Көп жағдайда созыңқырап, ұшырып, әуездетіп айтасың. Яғни, дала лирикасы десек болады. Енді Үкілі Ыбырайдың әндері өз мінезіне сай құбылмалы болып келеді. Бір кезде ырғақтанып желсе, бірде будақтап атқылайды, бір кездерде ортаяды. Сан-алуан түрлілігімен ерекшеленіп тұрады қысқасы. Ал енді Естай болса Қорланды елу жыл жырлап өткен. Әндерінің жартысынан көбі өз ғашығына арналған, кейінгі заманмен ұштасқан. Естай арғы жақпен бергі жақты ұштастырған тұлға. Сондықтан жаңа заманға сай үлгісі жанданған жаңашыл композитор

- Сонда Естайды жаңа заман композиторы деуге бола ма? Әсіресе «Қорланы» аса танымал…

- Әрине, салыстырмалы түрде, Ақан, Біржан, Ыбырайларға қарағанда заманауи деп айтуға болады. Бірақ та мынаны ескеруіміз керек. Біржан, Ақан, Ыбырай, Естайдың кез келген әні бір-бірін жалғастырып тұрған, аңыз сияқты. Бөліп-жарып қарай алмайсың. Әрине, кейбір әндері халық арасында кең танымал, кейбірін тек кәсіби әншілер ғана айтып жүр. Бұл жәйт тек әншілік өнерде емес, барша өнер атаулының түрінде кездеседі. Десе де бұл жерде көбірек ел ішіне тарап, бірінен бірі үйреніп айтылды деген дұрыс шығар. Әйтпесе әндері бірінен бірі асып тұр ғой.

Мен мысалға әншілерді көп тыңдаймын. Өткен ғасыр әншілерін. Олар бір-біріне ұқсамайды. Ал қазіргі әншілердің дауысы өте ұқсас сияқты көрінеді. Әсіресе жастарды тыңдағанда осындай әсерде қаламын. Себебін іздеп көрейікші.

“Болмасаң да ұқсап бақ” дейтін тамаша тәмсіл бар ғой. Қазақта ұстазға еліктеу бар да, өзінше айту бар. Қалай дегенде де ұстазыңа, бір қырыңның ұқсап тұруы қалыпты жағдай. Солай болуы да керек. Ал қалған бөліктерін ұзақ ізденіспен табасың. Ал таза көшірме жасау әсте дұрыс емес. Әр әншінің Құдай берген өз дыбысы, тембры бар. “Бұзды, өзгертті” деген күннің өзінде, кейіннен көп ізденсе сол дыбысына қайтсе де қайта оралады. Жасанды нәрсе ешқашан мәңгі болмайды. Дауыс қою деген керек, бірақ оны көрсетуші ешқашан ауызына салып бере алмайды. Яғни көп жағдайда қателік ізденушіден, үйренушіден кетуі мүмкін. Ал үйретуші бар білгенін ортаға салады. Олардың да дәрежелері әр түрлі. Бірі мектеп жасындағылармен жақсы жұмыс істей алса, ал бірі орта білімдегі жастармен дұрыс жұмыс жасай алады.


Үлкен оқу орындарында болашақтағы жақсы әншілерді, зерттеуші, ғалым оң-солын таныған, мойындалған мықтылар дөп басады. Дәл осы үш дәрежедегі оқытушылар қазіргі таңдар араласып кеткендіктен, шәкірттердің дауыстары кейбір тұстарда ұқсап кетіп жатыр. "Бірақ көш жүре түзеледі" дегендей сол өнерпаздар бір кездері, тынбай еңбектенсе діттеген мақсаттарына жететініне кәміл сенемін

- Ізденіп жүру демекші, өзіңіз де студент болдыңыз, сол кезбен осы кез студенттерінің айырмашылығы бар ма? Жиырма жылдай уақыт өтті.

Жиырма жыл дейсіз бе? “Елу жылда ел жаңа” дейді ғой. Әрине өзгеріс өте көп. Әлеуметтік желісі бар, аудио-видео жазбалары бар, барлығы интернетте сыңсып тұр. Уақыт бөлсең болғаны, барлығы дайын. Және де заманына қарай адамы дегендей, қазіргілер бізден гөрі едәуір шапшаң. Ал ән айту, сөз бөлу, әнді әуездетіп ырғалту жағынан кемшін түсіп жатыр. Демек кітап оқымайды, көп ақпараттың құрбаны десек дұрыс болар.

Бүгінгі таңда осы саладағы тағы кемшін тұстары жайлы айта өтсеңіз.

- Жалпы өнер әлемінде орын алып жатқан сорақылықтар өте көп ғой қайссы бірін айтасың. Өнерпаздың бағында, тағында қызғану, өзін ғана деріптеп өлермендікпен атақ алу дерл қазір дендеп тұр. Оны бәрі де көріп жүр. Мен бұны шын өнерпаздық деп есептемес едім. 

- Осының бәрін дұрыстау үшін шәкірттеріңізге ән үйретуден бөлек, жалпы өмірлік бағыт-бағдар да беріп отыратын шығарсыз.

- Әрине, ұстаздық тек ән үйретуден шектелмейді ғой. Өзімнің ұстазым Ұстазым Қайрат Байбосыновтың ізімен, шәкірт санасына тамшыдай болсын үлес, көкірегіне сәуле құя алсам деймін. Шәкіртке қарай, біз де айтып отырамыз. Мысалға, өнер әлемінде қызғаныш, көреалмаушылық дейтін жаман әдеттен аулақ жүруді, шәкірттеріме әсте айтып естеріне жиі салып отырамын. Әрине, білгіш те, ғұлама да емеспін, тек осы өнерді өлтірмей, жандандыру жолында, кейінги буынға таза саф қалпында бұзбай үйретсек – бұдан асқан құндылық жоқ мен үшін.

- Алдағы уақытта жеке шығармашылық кешіңіз жайлы айтып кетсеңіз.

- Ия, бұйырса алдағы күндері жеке шығармашылық концертім өтеді. Концерт атауын "Райхан гүл" деп атадым. Бұл атауды тақырыпты жай ғана қоя салған жоқпыз әрине. Адамдыққа, адалдыққа, сүйіспеншілікке, махаббатқа, сұлулыққа құштар көңілімізді, әнмен жеткізу үшін "Райхан гүл" де атадық. Бұл ән Ақан серінің ең сұлу, ерекше әуезді, өлшемі бөлек әндерінің бірі. Концертке бір топ шәкірттерім және өнердегі шертпе күйші досым Жігер Бертісов, кеш тізгінін белгілі актриса Гаухар Жүсіпова жүргізеді. Өзім он үш ән айтамын. Құдай қуат берсе, халық сұрап жатса тағы ән орындауға дайынбыз. 

Осы сәтті пайдалана отырып, барша оқырмандарды ақпан айының 27-күні К. Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің (Астана қ., Тәуелсіздік көшесі, 50) камералық залында өтетін концертіме шақырамын. Басталуы сағат 16:00-де.

- Шығармашылық кеш сәтті өтсін!