Атырау қаласында 23 және 28 жастағы екі азамат ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, олар 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап өздерінде АИТВ инфекциясы бар екенін біле тұра, медициналық есепте тұрған. Соған қарамастан, екі трансгендер ақылы интимдік қызмет көрсетуді жалғастырған.
Жедел іс-шараны Атырау облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша өзінде АИТВ инфекциясы бар екенін біле тұра, басқа адамға инфекция жұқтыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру — ауыр қылмыс. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекет үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.