15 наурызда елімізде маңызды оқиға – жаңа Конституция жобасына қатысты референдум өтеді. Осыған байланысты түрлі сала өкілдері, оның ішінде шығармашылық иелері мен өнер адамдары да пікір білдіріп, үн қосуда. Солардың бірі – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Роза Мұқанова. Қаламгердің айтуынша, референдум Қазақстан халқы үшін, қазақ мемлекеті үшін тарихи белес, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бұрын қамтылмаған, кеңірек айтылмаған дүниелер жаңа Конституцияда көрініс тауып, халық пен биліктің арасындағы әдепті, тыңдауды, әділдікті көрсететін бірден-бір заңды құралға айналып отыр. Осы жағынан келгенде, мен қаламгер ретінде де өз құқығымды зерттедім. Соның ішінде цензураға тыйым салынатыны көкейге өте қонымды болды», – дейді Роза Мұқанова.
Сонымен қатар ол шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне айрықша назар аударды.
«Зияткерлік меншікті қорғау деген бұрынғы заңдардың аясында тек бір инерциямен ғана келе жатты. Шын мәнінде, шығармашылық тұлғалардың, ол композитор болсын, жазушы, суретші, кескіндемеші болсын, олардың зияткерлік құқығы қорғалмаған еді. Оны қорғау үшін қай заңға сүйенуіміз керек, қайда баруымыз керек, кімге дәлелдеуіміз керек дегенге келгенде қиындықтарға, кедергілерге кездестік. Енді бұл мәселелердің заң аясында реттелетініне ерекше көңілім толып отыр. Сондықтан 15 наурыз – тарихи күн. Осы ретте мен жаңа Конституция жобасын әділ заң ретінде қолдау үшін дауыс беруге барамын. Себебі, бұл Қазақстан халқының құқығын қорғайтын әділетті, дамыған, өркениетті елдердің қатарындағы абыройлы бағыт болды деп ойлаймын», – деді жазушы.
Сондай-ақ Роза Мұқанова жаңа Конституция жобасын бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың заң аясында қолданылып, бекітілуі деп бағалады.
«Біз қазіргі таңда көптеген реформаларға куә болып отырмыз. Халықтың белсенділігі күн өткен сайын артып келеді. Халық белсенділігінің артуы оның реформаға сенуі, болашаққа сенуі, мемлекеттің болашағына сенуі деп ойлаймын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Әнші Тамара Асар да жаңа Конституция жобасы ел болашағына бағытталған маңызды қадам деп бағалады.
«Мәдениет – халықты біріктіретін күш. Қоғам әрдайым дамып, жаңарып отырады. Сондықтан 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, дауыс беруге шақырамын», – деді ол.
«Жастар» театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин әр азаматтың таңдауы ел болашағы үшін маңызды екеніне тоқтала келе, алдағы референдумға қатысатынын жеткізді.
«Әр өнер адамы үшін еркін шығармашылықта болу, өз ойын еркін жеткізе алу, өз идеяларын еркін түрде жүзеге асыру өте маңызды. Себебі, өнер еркіндікте дамиды. Жаңа Конституция жобасында шығармашылыққа айрықша мән берілген. Жалпы, кез келген салаға, оның ішінде мәдениет пен өнер саласына жаңа қадамдар, жаңашылдықтар өте қажет. Себебі, жаңа тыныспен мәдениет пен өнер дамиды. Ал бұл салалардың дамуы еліміздің рухани баюына ықпалын тиізеді. 15 наурызда өтетін референдум баршамыз үшін жаңа және маңызды қадам деп ойлаймын», – деді актер.