2026 жылғы 24 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті білім алушыларының кәсіби әлеуетін арттыру және жұмысқа орналасу дағдыларын дамытуға бағытталған «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасының кезекті іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аталған жоба 2018 жылы бастау алып, бүгінде университет түлектерін еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман ретінде даярлауға бағытталған стратегиялық маңызы бар бастамалардың біріне айналды.
Түлектердің біліктілігіне баға беріп, кәсіби сұхбат жүргізген жұмыс берушілер қатарында №208 мектеп-гимназия директоры Гүлбағда Аденова және №221 «Келешек» мектебінің директоры Арнагүл Маликова болды. Олар үміткерлердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларының өзара үйлесімін жан-жақты бағалады.
Университет тарапынан іс-шараға Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев және «Мансап» орталығының басшысы Рақымберді Жетібай қатысты.
«Бұл жоба – білім алушылар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді кәсіби көпір. Сұхбат барысында түлектер өз білімдері мен дағдыларын нақты жұмыс талаптарымен салыстырып, тәжірибелік тұрғыда бағамдауға мүмкіндік алады. Мұндай формат олардың еңбек нарығына сенімді қадам жасауына және бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді», – деді «Мансап» орталығының басшысы Рақымберді Жетібай.
Айта кету керек, «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру мақсатында алдағы уақытта Алматы қаласының Медеу, Түрксіб, Жетісу және Алмалы аудандарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жүйелі түрде жалғасын табатын болады.