Атыраудағы жоғалған отбасы: кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстады

Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған.

Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды. Айта кеткен жөн, күдіктінің "бұрынғы жұбайы" делінетін Ақбаян Мұқанғалиева заң жүзінде ер адаммен ажырасып кеткен.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.