Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі заң жүзінде бекітіледі

Осы өзгерістер аясында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын, ұлттық құрама құрамына енген, ғылыммен айналысатын дарынды балалар да мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Мәжіліс ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған депутаттық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Заң жобасында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі айқындалады. Олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, академиялық еркіндікке кепілдік беру, шығармашылық еркіндігі, сондай-ақ ғылыми қызметінің бағыттарын жоспарлау және айқындау мүмкіндігі қарастырылған.

Ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетігі бекітіледі. Сонымен қатар барлық ғылыми қызметкерлердің мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған ғылыми жабдықтарды пайдалануға қол жеткізу механизмі әзірленеді.

Осы өзгерістер аясында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын, ұлттық құрама құрамына енген, ғылыммен айналысатын дарынды балалар да мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Ғылыми жобаларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатымен оларды іске асыру мерзімі келісімшарт жасалған күннен бастап күнтізбелік жоспарға сәйкес барлық іс-шаралар толық орындалғанға дейін белгіленді. Ғылыми қызметті қаржыландыру тәртібі жетілдірілді.

Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде айқындалады. Бұл ҰҒА мүлкін қалыптастыру мен оған иелік ету тәртібін, қаржыландыру көздерін және әкімшілік-басқару қызметіне қатысты өзге де мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуге мүмкіндік береді.