«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылауда. Коалиция мүшелері бірнеше күннің ішінде еліміздің тоғыз өңірін аралап, мыңдаған кездесу өткізді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптарды түсіндіріп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Асхат Аймағамбетов өзі де коалиция мүшесі ретінде бірнеше өңірді аралап қайтқанын атап өтті.
«Бір мәселені ашық айтуымыз керек, тек соңғы жеті жылда еліміз 30 жылда ойға келмеген іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткерді. Президенттің бастамасымен төрт саяси реформа пакеті жүзеге асты. Оған қоса, 2022 жылы қабылданған конституциялық реформаның орны ерекше. Бірақ соңғы жылдарда елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті етті. Былтыр біз қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығын атап өттік. 30 жылда оның қанша өзгертулер мен толықтыруларды бастан кешіргенін білетін көп заңгер Ата Заңның жаңадан қабылдануын қолдап отыр», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, Құрылтай атауы, пропорционалды сайлау жүйесінің тиімділігі, Халық кеңесінің құзыреті секілді мәселелер ақпарат кеңістігінде де, халықпен кездесулерде де кеңінен талқыланып жүр. Соған сәйкес ол өзге маңызды реформаларға тоқталып өтті.
«Халықты мазалаған тақырыптың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесі. Жекелеген азаматтар тарапынан халықтың білім алу, дәрігер көмегіне жүгіну сияқты әлеуметтік сұранысы енді тек ақылы түрде болады-мыс деген жаңсақ, яғни фейк ақпарат таралуда. Ал шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және бола береді. Бұл жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған. Оның айқын көрінісі мемлекеттік бюджеттің шамамен 40%-ы әлеуметтік салаға бағытталатындығы. Сонымен қатар Ата Заңның 1-бабы мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқындайды. Жаңа Конституция жобасында бұл қызметтерді ақы төлемей алуға болады деп анық жазылып отыр.
Сәйкесінше, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы азаматтардың мүмкіндіктері одан сайын кеңейеді деп айта аламыз. Бұл қызметтер ақысыз деп айтылғанымен, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады. Тағы қайталап айтайын, білім мен медицина азаматтар үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді. Сонымен қатар қолданыстағы Конституцияда жазылған «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген сөзді алып тастау ұсынылған. Бұл негізі дұрыс шешім. Неге? Өйткені бүгінде мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да тегін жоғары білім ала алады. Мысалы, бізде «КИМЭП» бар, Мақсұт Нәрікбаев университеті бар, «Тұран» сияқты жекеменшік университеттер бар. Олар жекеменшік болса да, грант ұтып алған студенттеріміз сол университеттерде мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндіктері болуы керек. Және бұл дұрыс деп ойлаймыз», – деді Асхат Аймағамбетов.