Алматыда 13 жастағы қызды әкесінің досы зорлап, АИТВ инфекциясын жұқтырған

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 1 қыркүйекте болған.

Алматыда 13 жастағы қызға қатысты ауыр қылмыс дерегі бойынша сот процесі жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 1 қыркүйекте болған. Күдікті – қыздың әкесінің танысы.

Оның АИТВ инфекциясын жұқтырғаны туралы ақпарат тараған.

Жәбірленушінің анасы мас күйде көлік жүргізгені үшін жазасын өтеп жүрген. Оның айтуынша, қылмыс пен сот процесі туралы ресми хабарламаны алмаған, бұл жағдайды алты ай өткен соң ғана білген.

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева осы уақыт ішінде қыз күдіктінің туыстары, адвокаттары және өз әкесінің тарапынан психологиялық қысым көргенін мәлімдеді. Айтуынша, қажетті психологиялық көмексіз қалған жасөспірім сотта алдын ала дайындалған мәтінді оқып, бастапқы көрсетулерін өзгерткен. Қысым жасалды дегенді растайтын аудио және фотоматериалдар бар екені хабарланды.

Ал Алматы қалалық полициясы тергеу аяқталғанын, күдіктінің ұсталып, 2025 жылғы желтоқсанда іс материалдарының сотқа жолданғанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, іс ерекше бақылауда болған.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап сот-медициналық сараптама қорытындысымен келіспейді. Сараптама бір эпизодты ғана анықтаған, ал бұған дейін бірнеше дерек айтылған.

Жәбірленуші тараптың мәлімдеуінше, отбасы жеткілікті деңгейде заңгерлік және психологиялық қолдауға ие емес. Ал айыпталушы тарап кәсіби қорғаумен қамтамасыз етілген. Сот жарыссөзі 2026 жылғы 25 ақпанға белгіленді.