Аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйе 2027 жылдан бастап енгізіледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы саласын кезең-кезеңімен цифрландыруды жалғастыруда.

Өткен жылы балық және балық өнімдерінің қадағалануын қамтамасыз ететін  E-Fish  ақпараттық жүйесі іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Жүйе балық пен балық өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттарды беруге қатысатын мемлекеттік органдардың ақпараттық қорларын өзара байланыстырады. Негізгі мақсаты – заңсыз өнім айналымының алдын алу.

Бүгінгі күні  E-Fish жүйесінде балық шаруашылығы және аквамәдениет саласындағы 1 196 субъект тіркелген. Бұл олардың жалпы санының 95 пайыздан астамын құрайды.

Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесін  E-Fish  жүйесімен ықпалдастыру нәтижесінде белгіленген аулау квоталары мен балық өсіру көлемдері асқан жағдайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеуге тосқауыл қойылды. Жүйені енгізудің арқасында балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарды.

«Аквамәдениет туралы» заңды іске асыру аясында 2027 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені енгізу көзделген. Оны қолданыстағы  E-Fish  жүйесінің негізінде «Аквамәдениет» атты жеке бөлім құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені жүргізу қағидаларының жобасы әзірленіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Әділет министрлігімен келісілді.

Жаңа жүйе аквамәдениеттің дамуын бақылау мен талдауды қамтамасыз етеді, сала субъектілерінің тізілімін қалыптастырып, жүргізеді, сондай-ақ қажетті деректерді жинау және өңдеу мүмкіндігімен аквамәдениет нысандарын есепке алуды, қадағалауды жүзеге асырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.