Конституциялық реформа – тек Негізгі заңға енгізілетін өзгертулер емес, ол – еліміздің ертеңгі жарқын болашағы. Көк Туымызды әлемдік аренада биікке көтеріп жүрген саңлақ спортшыларымыз да бұл саяси науқаннан қалыс қалмай, өз пікірлерін ортаға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Белгілі балуан, Қазақстан барысы Мұхит Тұрсынов өз сөзінде алдағы референдумдағы әр азаматтың дауысы – еліміздің болашағын қалыптастыратын маңызды үлес екенін айтты.
«Бұл әрқайсымыздың жауапкершілігімізді көрсететін тарихи мүмкіндік. Конституциялық реформа – мемлекеттің даму бағытын, қоғамның әділдігін, азаматтардың құқығы мен еркіндігін айқындайтын маңызды қадам. Спортта жеңіске жету үшін бірлік, табандылық пен сенім қажет. Сол сияқты ел болашағы да әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты. Мен әрқашан елімнің дамуы мен бірлігін бірінші орынға қоямын. Сондықтан баршаңызды референдумға белсенді қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Бірге болайық. Бірлікпен алға басайық. Еліміздің жарқын болашағы өз қолымызда!», – деді балуан.
Бразилиялық джиу-джитсудан әлемнің 6 дүркін чемпионы Таймас Сәлімов конституциялық өзгерістерге арналған референдум – мемлекет тағдыры шешілетін тарихи сәт екенін айтты.
«Негізгі заң – қоғамдағы тәртіптің, әділеттің және тұрақты дамудың негізі. Сондықтан бұл таңдауға бейжай қарауға болмайды. Әр дауыс – ортақ болашағымызға қосылған үлес. Біз бүгінгі шешіміміз арқылы ертеңгі Қазақстанды қалыптастырамыз. Баршаңызды ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Бірге әрекет етсек – жарқын болашақты бірге құрамыз! Бірлігіміз бекем, еліміз мәңгі болсын!», – деп жазды спортшы.
Сондай-ақ муай-тайдан әлем чемпионы Айбат Олжатай да желіде өз пікірін ортаға салып, халықты сындарлы сәтте шешім қабылдаудан қалыс қалмауға шақырды.
«Спортта әрбір жеңіс – күнделікті еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Әр белдесу – жауапкершілік, әр қадам – болашаққа деген сенім. Бүгін бізді дәл сондай маңызды сынақ күтіп тұр – Конституциялық өзгерістер бойынша референдум. Бұл да спорттағыдай: әр дауыс – бір ұпай, әр азаматтың таңдауы – ортақ жеңіске қосқан үлес. Жеңіс ешқашан кездейсоқ келмейді. Ол тәртіптен, бірліктен және белсенділіктен туады. Референдумға қатысу – бұл өз тағдырыңа, еліңнің ертеңіне жауапкершілікпен қарау», – деді әлем чемпионы.