Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы: қай жерден қателік кеткені белгілі болды

Оның айтуынша, федерация 9 қаңтардан бастап төрт отырыс өткізіп, 5 сәуірдегі соңғы жекпе-жектен кейінгі кезең бойынша барлық оқиғаның хронологиясын егжей-тегжейлі зерттеген.

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желіде Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, федерация 9 қаңтардан бастап төрт отырыс өткізіп, 5 сәуірдегі соңғы жекпе-жектен кейінгі кезең бойынша барлық оқиғаның хронологиясын егжей-тегжейлі зерттеген. Тексеру барысында спортшының мамыр айында денсаулығының нашарлауына байланысты жекеменшік клиникаға жүгініп, құрамында мельдоний бар препарат алғаны анықталған.

Федерация басшысы тыйым салынған зат спорттық нәтижені арттыру мақсатында әдейі қолданылмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, препарат өмірлік көрсеткіштер бойынша салынған, ал спортшы құрамында мельдоний бар екенін білмеген. Медициналық көмек демалыс күні шұғыл түрде көрсетілген.

Сондай-ақ Ерденбеков «Репронат» препараты Қазақстанда тыйым салынбағанын, медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, спорт саласына қатысы жоқ дәрігерлер VADA тыйым салынған заттар тізімін білуге міндетті емес.

Федерация сұрауынан кейін клиника барлық медициналық құжаттарды ұсынған. Мәліметтер мемлекеттік медициналық қызметтер тізілімінде тіркелген және оларды кейін өзгерту мүмкін емес екені айтылды.