Атырауда 15 жастағы оқушы із-түзсіз жоғалды: анасы мектептегі қысым болуы мүмкін дейді

Ол – «Жайық-Бином» мектебінің 10-сынып оқушысы.

Атырау қаласында 15 жастағы Інжумаржан Қуанышқызы іздестіріліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол – «Жайық-Бином» мектебінің 10-сынып оқушысы.

Қыздың анасы Ғалия Тұяқкалиева қызының жоғалуын мектеп әкімшілігі тарапынан болған қысыммен байланыстырады. Оның айтуынша, оқу жылы басында қызы жаңа мектепке ауысқан. Кейін тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарымен түсініспеушілік туындап, сыныпта оқушыға қатысты түсіндірмелер жиналған.

Анасының e-Otinish порталында жариялаған арызында оқушыларға қызы туралы топтық түсіндірме жазуға үгіттеу жасалғаны және отбасыға құжаттарды алып кету ұсынылғаны айтылған.

19 ақпанда мектептен қоңырау түскен. Келесі күні барған кезде ата-анасына оқушылардың түсіндірмелері көрсетіліп, құжаттарды алу қажеттігі айтылған. Сол оқиғадан кейін қыз үйден шығып, қайта оралмаған. Қазіргі уақытта ол полицияның іздестіруінде.

Оқиғадан соң 10 «П» сыныбының ата-аналары мектеп әкімшілігінің әрекетіне тексеріс жүргізуді сұрап, ұжымдық өтініш жолдаған. Онда оқушылардан жиі түсіндірме талап етілгені, телефондардың тәркіленгені және ата-аналар чатының жабылғаны көрсетілген.

Анасы мектеп әрекеттері қызының эмоционалдық жағдайына әсер етуі мүмкін деп санап, құқықтық баға беруді және оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап отыр.

Білім басқармасы мен мектеп әкімшілігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.